БҚО-да екі лицейге оқушыларды конкурс арқылы қабылдауға қатысты дау туындады

ОРАЛ. KAZINFORM – Оралда дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты және БҚО дарынды балаларға арналған мамандандырылған ақпараттық технологиялар мектеп-лицей-интернатына оқушыларды конкурстық іріктеуге байланысты шу шықты. 

БҚО-да екі лицейге оқушыларды конкурс арқылы қабылдауға қатысты дау туындады
Фото: Ғайсағали Сейтақ

БҚО білім басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, мамандандырылған білім беру ұйымдарына оқушыларды конкурстық іріктеу арқылы қабылдау ҚР Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 12 қазандағы «Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» №564 бұйрығы негізінде жүргізіледі.

Конкурстық іріктеу, ұйымдастыру және өткізу жөніндегі қызмет ҚР Оқу-ағарту министрлігінің 2022 жылғы 7 қарашадағы «ҚР ОАМ-нің 2021 жылғы 9 сәуірдегі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы» РМҚК өткізетін қызметтердің бағасын бекіту туралы» №158 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» №448 бұйрығына және Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 4 желтоқсандағы №434-V ҚРЗ «Мемлекеттiк сатып алу туралы» Заңына сәйкес сатып алудың баға ұсынысын сұрату тәсілі арқылы жүзеге асырылады. 

Оқушыларды конкурстық негізде қабылдауды ұйымдастыру, өткізу, нәтижесін шығару жұмыстары ақылы негізде жүретіндіктен, аталмыш екі мектеп тарапынан биыл мемлекеттік сатып алу порталына хабарландыру ілініп, конкурсты «Недвижимость Сити» ЖК (соңынан «Абырой» болып өзгертілді) ұтып алған. 

БҚО-да екі лицейге оқушыларды конкурс арқылы қабылдауға қатысты дау туындады
Фото: Ғайсағали Сейтақ

Басқарманың мәліметінше, Орал қаласының А.Байтұрсынов атындағы №10 орта мектеп базасында 8 маусым күні «Недвижимость Сити» ЖК өткізген емтиханның қорытындысы мектептер тарапынан техникалық сипаттамаға және мемлекеттік сатып алу шартының талаптарына сәйкес емес деп танылды. Осыған орай емтиханның қорытындысы заңды тұрғыда шешімін тапқанға дейін 2024-2025 оқу жылына оқушыларды қабылдау мектептер әкімшілігінің шешімімен уақытша тоқтатылған. Өйткені емтихан қорытындысының нәтижесін негізге ала отырып, емтихан тізімдемесін салыстырған кезде сәйкессіздік табылып, емтихан өткізу ережелері бұзылған көптеген деректер анықталған. 

БҚО білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллиннің түсіндіруінше, 85 үміткер оқушының жинаған балл саны жасанды жолмен көтеріңкі немесе төмендетілгені емтихан парақтарын тексеру нәтижесінде белгілі болды. Мысалы, 85 балл жинаған оқушы көрсеткішін 138 деп бұрмалаған. 45 балл жинаған оқушыны 155 балл деп көтерсе, 173 балл жинаған оқушы 127 балл деп төмендетілген. Құжат тапсырмаған 15 үміткер тізімде болмағанына қарамастан, емтиханнан өткен. Порталдағы қорытынды нәтиже тізімі 2024 жылдың 10 маусым күні жарияланып, 13 маусымға дейін 3 рет өзгертілген. Жалпы техникалық сипаттама бойынша 30-дан астам тармақтың талаптары өрескел бұзылған.

«Бұл жерде ата-аналардың үш тобының мүддесі бар. Олардың біріншісі емтихан нәтижесі күшінде қалып, балаларының оқуға түскенін қалайды. Екінші топ – балалары оқуға түсе алмай қалғандар. Олар емтихан кезінде әділетсіздік болғанын алға тартады. Үшіншісі – шақыртылмай, емтиханға қатыса алмай қалғандар. Техникалық сараптама талаптарының өрескел бұзылуына байланысты мектеп директорлары емтихан қорытындысын қабылдап, жауапкершілікті мойнына ала алмайды», - дейді Е.Сафуллин. 

«Недвижимость Сити» ЖК басшысы Айжан Әлиеваның айтуынша, емтихан жұмысы бойынша ұйымдастыру жұмыстары басталған сәттен-ақ қиындықтар туындаған. 

«Екі мектеп басшысы Аягөз Орынбайқызы мен Жеңіс Меңдіғалиұлы емтиханды жеке кәсіпкердің өткізуіне қарсылықтарын танытты. Жыл сайын бұл қабылдау емтиханының «Дарын» РҒПО өткізіп жүргендігін алға тартты. Егер басымдылық тек «Дарын» РҒПО-ға берілсе, неге мемлекет ашық конкурсқа салады? «Недвижимость Сити» ЖК мемлекеттік сатып алу талаптарына сай техникалық сипаттамаға сәйкес жұмысты өткізу керек болды. Мектеп, облыстық білім басқармасы, облыстық әкімдік тарапынан, «Дарыннан» ешқандай қолдау болмаса да, өткізіп шықты», - дейді А.Әлиева. 

БҚО-да екі лицейге оқушыларды конкурс арқылы қабылдауға қатысты дау туындады
Фото: Ғайсағали Сейтақ

Оның сөзіне қарағанда, екі мектепке де емтиханға қатысатын оқушылардың құжаттарын «Дарын» РҒПО ақпан-сәуір аралығында жинап алған. Мемлекеттік сатып алудың шешімі шықпай тұрып, «Дарын» РҒПО не себепті, қандай негізде оқушылардың құжаттарын жинап алады? Бұл – бірінші заңбұзушылық. «Недвижимость Сити» ЖК №11 мектепке ата-аналарға ақпарат жетуі үшін мектептің әлеуметтік желісінде жарнамалық баннер және емтихан ұйымдастырушыларының порталына сілтемені шығаруды өтінеді. Бірақ мектеп қолдау білдірмейді. Осылайша, «Недвижимость Сити» ЖК ата-аналар номерін әрең жинайды. 

«№564 бұйрықта барлық емтихан әр облыс бойынша бекітілген тірек мектепте өтуі тиіс. Бірақ №34 мектепте емтиханды өткізуге рұқсат берілмеді. №30 мектепке келісіп, сонда өткізейін деп жатқан кезде қалалық білім бөлімінің араласуымен ол мектепте емтихан өткізуге тағы рұқсат берілмеді. Сөйтіп, емтиханның №10 мектепте өтілуі бір түннің ішінде шешілді. Бұл да ұйымдастырушылар үшін де, оқушылар үшін де үлкен стресс. Себебі, «Недвижимость Сити» ЖК үш күн жүріп, емтихан болатын мектепті техникалық жағынан дайындады, емтихан кезінде видеотрансляция жасау үшін арнайы камера қондырған болатын. Емтиханға дейін қанша кедергі болса да, «Недвижимость Сити» ЖК емтиханды өткізді. Талапқа сай емтихан кезінен видеотрансляция жасалды, емтихан кезінде ата-ана оны сыртта тұрып көрді. Оқушылардың бір-бірінен көшірді, телефоннан көшірді деген айыптарына еш дәлел жоқ. Тәртіп бұзу фактісі болса, неге сол жерде комиссия соны айғақтап, акт толтырмайды? Қорытындысында, «Абырой» ЖК емтиханды өткізді. Ата-ана, оқушы тарабы риза. Комиссия мүшелерінен еш ескерту жоқ. Сондықтан да, орындалған істер бойынша актіге мектептің қол қоймауы орынсыз», - дейді А.Әлиева. 

Ата-аналардың бірі Лунара Орашаева балаларды қайтадан тестіден өткізбей, емтихан қорытындысын қабылдау керектігін мәлімдеді. 

«Қызымның емтиханнан сүрінбей өтуі үшін екі жыл бойы «Достық» білім орталығында айына 43 мың теңге төлеп, дайындаттым. Енді неліктен екінші рет сынақ тапсыруы тиіс. Бұл жерде баламыздың құқығы бұзылып тұр деп есептеймін. Егер заңбұзушылық орын алса, облыстық білім басқармасы он күннен кейін ата-аналарды жинап, неге түсіндірмеген? Біз хат тасып, түрлі мекемелерге жүгінумен шаршадық. Жаңа оқу жылының басталуына көп қалған жоқ. Сонда мәселе қашан шешілмекші?», - деді Л.Орашаева. 

С.Сейфуллин атындағы №11 мектепке барлығы 470 оқушы емтихан тапсырса, соның 100-і өткен. ІТ-лицейге 48 оқушы алынады делінген.

«Облыстық IT лицейге құжат тапсырудан бастап емтихан өткенге дейін бұл мәселенің басы-қасында болған ата-ананың бірі мен едім. Емтихан өтіп, қорытынды шыққанда, баламыздың еңбегі ақталды деп бір қуансақ, қорытындыны мектеп қабылдамай қойғанда, айдалада қалған шарасыз адамның күйін кештік. Қазір бала да, ата-ана да белгісіз жағдайда отырмыз. Мектепке қабылдау емтиханының қайта өткізілуіне қарсы ата-аналардың қатарынанмын. Маусымда басталып өршіген істе мектеп те, тендер ұтып, емтихан өткізген кәсіпкер де өз мүдделерін қорғап әлек. Ал бала ше? Баланың не кінәсі бар? Бала емтиханға келді, алдына ұсынған тапсырманы бар ерік-жігерімен, білімімен орындады, тапсырды, кетті. Соңында құжаттардың дұрыс-бұрыстығына, ересектердің "өзара" мәселелеріне неге бала жауапты? Білім аламын деп мақсатты түрде еңбектеніп келген баланың сағы сынды. Тендердің ақшасын кім қалай бөлмек, онда еш шаруам жоқ, баламның құқығы тапталмасын, оқуға құштарлығы жойылмасын мен үшін. Сондықтан 8 маусым күні өткен мектепке қабылдау емтихандарының қорытындысы дұрыс деп танылып, өткен оқушылар тізімге сәйкес қабылдансын. Екіншіден, мәліметтері емтихан өткізушіге мектеп не «Дарын» орталығы (qabyldau.daryn.kz алдын-ала жасақталды) тарапынан берілмеген, демек, емтиханға қатыса алмай қалған оқушыларға мүмкіндік жасалып, бөлек емтихан ұйымдастырылып, тағы сыныптар жасақталсын. Құжаттардағы қателіктерге бала жауапты емес, баланың құқығы қорғалуын талап етеміз», - деді Айнұр Лұқпанова. 

Дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының директоры Аягөз Хамзина БҚО ауданаралық экономикалық сотының шешімі бойынша «Абырой» ЖК-ның жосықсыз қатысушы ретінде танылғанын жеткізді.

«Олардың бес жұмыс күні ішінде шағымдануға құқығы бар», - дейді ол. 

БҚО дарынды балаларға арналған мамандандырылған ақпараттық технологиялар мектеп-лицей-интернаты директорының орынбасары Аңсаған Иманғалиева jрындалған жұмыстың техникалық сипаттамасындағы кемшіліктерге байланысты «Абырой» ЖК-ны жосықсыз қатысушы деп тану туралы сотқа жүгінгенін айтады. 

«Абырой» ЖК-ны жосықсыз қатысушы деп тану туралы сотқа жүгіндік. Қазіргі кезде бұл іс ауданаралық экономикалық сотта қаралуда. Соттың шешімі шыққаннан кейін білім беру ұйымына оқуға үміткерлер іріктелетін болады», - деді Аңсаған Иманғалиева. 

БҚО бала құқықтары жөніндегі уәкілі Жанат Нұрмағамбетова бұл мәселе бойынша арнайы комиссия құру қажеттігін айтты.

«Ата-аналардың талабын түсінемін. Бұл жерде анығы – балалардың құқығы бұзылған. Ең бастысы, осыны ескере отырып, ортақ шешімге келгеніміз жөн. Таласып, тартыса бергеннен ештеңе өнбейді. Егер бейнежазба арқылы өткен балалардың әділ тапсырғаны дәлелденсе, олар екінші рет сынақ тапсырмауы керек. Ал ата-анасы құжат тапсырып үлгермегендер тестіден өтсін. Қорыта айтқанда, толық тексеріп, кімнен кемшілік кетті, барлығын анықтау үшін арнайы комиссия құрып, жұмыстануымыз қажет», - деді Ж.Нұрмағамбетова. 

БҚО білім басқармасының басшысы Е.Сафуллин ата-аналардың, бала құқықтары жөніндегі уәкілдің уәжін тыңдай келе, комиссия құру туралы шешімге келгенін жеткізді. 

«Білім сапасын көтеру маңызды. Егер емтихан қорытындылары бұрмаланып, төмен балл алғандар өтіп кетіп жатса, онда академиялық адалдық та болмайды. Білім саласындағы екінші басты мақсат – бала құқығының қорғалуы. Министріміз Ғани Бейсембаевтың мектепке келген бірде-бір баланың бір тал шашы жерге түспеуі керектігі туралы тапсырмасы бар. Осы тұрғыдан келгенде, баланың құқығы алға шығайын деп тұр. Ата-аналардың, бала құқықтары жөніндегі уәкілдің уәжін тыңдай келе, комиссия құру туралы шешімге келдік. Комиссия мәселені толық зерделегеннен кейін нақты шешім қабылданады», - деді Е.Сафуллин. 

Соңғы жаңалықтар