БҚО-да екі адамды өлтірді деген күдікпен 2 тұрғын ұсталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында екі адамды өлтірді деген күдікпен 2 тұрғын ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 4 сәуір күні Бәйтерек ауданы Үлкен Шаған ауылы маңындағы орман ішінен өртеніп кеткен «Фольксваген Джетта» автокөлігі табылды.

Сараптама тағайындалып, соның нәтижесінде VIN коды бойынша автокөліктің иесі 1972 жылғы тұрғын екендігі анықталды.

Жедел тергеу шаралары барысында Колесное елді мекенінің тұрғындары, 1972 жылғы көлік иесі мен оның азаматтық некедегі 1974 жылғы әйелінің 25 наурыздан 26-сына қараған түні белгісіз жағдайда жоғалып кеткені белгілі болды. Алайда бұл жөнінде олардың туысқандары мен таныстары полицияға жүгінбеген.

Осыған байланысты БҚО полиция департаментінің тергеу басқармасы ҚР ҚК 99-бабына (адам өлтіру) сәйкес қылмыстық іс қозғау туралы шешім қабылдады.

14 сәуір күні аса ауыр қылмыс жасағаны үшін Орал қаласының 1977 және 1993 жылғы тұрғындары күдікті ретінде анықталып, қолға түсті.

«Қазір күдіктілер уақытша оқшаулау изоляторында отыр. Тергеу амалдары жүргізілуде», деді ҚазАқпарат тілшісіне БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібеков.


Соңғы жаңалықтар