БҚО-да екі адамның өліміне соқтырған жол апаты бойынша тергеу жүргізілуде
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында екі адамның өліміне соқтырған жол апаты бойынша тергеу жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 2 мамыр күні сағат 01.50 шамасында Орал-Атырау жолының бойында Ақжайық ауданы Ілбішін ауылы тұсында «Cetra» автобусының жүргізушісі рульге ие бола алмай, «MAN» жүк көлігімен соқтығысуға жол берген.
Жол апаты салдарынан автобус пен жүк көлігінің жүргізушілері оқиға орнында көз жұмды.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес (абайсызда адам өліміне соқтырған жол қозғалысы ережесін бұзу) қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Еске сала кетейік, кеше Ақжайық ауданы аумағында жолаушылар автобусы мен жүк көлігі соқтығысып, соның салдарынан қос жүргізушінің қаза болып, тағы бір адамның аудандық ауруханаға жеткізілгенін, оның жағдайы ауыр екендігін жазған болатынбыз.