БҚО-да екі ересек адам мен сәби қарудан жарақат алып, ауруханаға түсті

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 5 қыркүйек күні шамамен сағат 18.45-те болды.
«Спирттік ішімдік ішу барысында туындаған кикілжің салдарынан 1975 жылы туған ер адам бұзақылық ниетпен аңшы мылтығынан 34 жастағы тұрғынға оқ атқан. Ұшқан бытыра өтіп бара жатқан 1964 жылы туған әйел мен екі жасар сәбидің аяғына тиген. Осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қазіргі уақытта күдіктіні ұстау үшін барлық шара қолданылуда», деп хабарлады ведомстводан.
Сырым аудандық аурухана директорының міндетін атқарушы Сабыр Меңдешевтің айтуынша, ауруханаға түскен үш адамның жағдайы тұрақты. Үшеуіне де медициналық көмек көрсетілуде.
Оның сөзіне қарағанда, көрші аулада төбелес болып жатқан кезде әжесі мен екі жасар немересі сонда барған.
«34 жастағы ер адам ауруханаға жатудан бас тартты. Әйелдің жағдайы қалыпты. Ал кішкентай қыз анасымен бірге облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жіберілді», деді ҚазАқпарат тілшісіне С.Меңдешев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да мал сою орындарының 70 пайызында бейнебақылау камералары орнатылғанын жазған едік.