БҚО-да екі шағын автобус соқтығысты
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Кеше сағат 18.30 шамасында Орал-Подстепный жолы бойында Екінші саяжай аялдамасы тұсында «Volkswagen Crafter» автокөлігінің 1983 жылғы жүргізушісі қарсы бетке шығып кетіп, «Iveco» автокөлігімен соқтығысқан.
БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, соның салдарынан «Iveco» автокөлігінің 1977 жылғы жүргізушісі ауыр жарақат алып, облыстық ауруханаға жатқызылды.
Медициналық анықтамаға қарағанда, жүргізушілердің екеуі де ішімдік ішпеген. Қазіргі кезде сараптамалар тағайындалып, кінәлінің кім екендігі анықталу үстінде.
Куәгерлердің сөзіне қарағанда, қос шағын автобус жүргізушілер жағынан қатты соқтығысқан. Соның салдарынан сол мезетте жол кептелісі орын алды.