БҚО-да экономикалық қылмыстан 628 млн теңге залал келген
ОРАЛ. KAZINFORM — БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өндірісінде жыл басынан бері 21 қылмыстық іс тіркелсе, соның 11-іне немесе 52 пайызына нүкте қойылды.

БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Нұрбол Рахметовтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, аяқталған істер бойынша мемлекетке 628 млн теңге залал келтірілген.
Тыйым салынған мүлікті қосқанда, соның 93 млн теңгесі өтелді.
Нұрбол Жолдасұлының сөзіне қарағанда, қазіргі кезде тергеу сотының шешімімен қылмыстық істер бойынша алынған 141 мың қорап темекі мен 30 мыңнан астам бөтелке алкоголь өнімін жою шаралары жүргізілуде.
Оның айтуынша, ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 14 шiлдедегi № 589 қаулысымен «Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралардың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» бекітілген болатын.
Кешенді жоспарды енгізудің нәтижесінде экономикадағы көлеңкелі айналымның деңгейі 2024 жылы 16,6 пайыздан, 2025 жылы 15 пайыздан аспауы керек.
Көлеңкелі экономика мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігіне елеулі зиян келтіреді және бюджетке қомақты салық түсімдерінің түсуіне жол бермейді.
Осылайша экономика мен заңды бизнестің қалыпты жұмыс істеуіне нұқсан келтіреді.
Экономикалық қызметтің барлық дерлік салаларына әсер ететін экономикалық құқық бұзушылықтардың қоғамдық қаупін ескере отырып, олардың алдын алу және экономикалық қызмет саласындағы криминогендік жағдайды бейтараптандыру құқық бұзушылыққа қарсы күрес саласындағы мемлекеттік саясаттың стратегиялық, басым бағытына айналды.
«Департамент бюджет қаражатының жымқырылуын болдырмауға және оларды талан-таражға салуға жол бермеуге бағытталған профилактикалық жұмыстарды жүргізеді. Сондай-ақ сот үкіміне сәйкес барлық тәркіленген темекі өнімдері жойылуға жатады. Қаржы пирамидаларымен күрес жұмыстары да ұдайы назарда», -деді Н.Рахметов.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда «Инватакси» қызметіне бөлінген 53 млн теңгені жымқырғандар тергеліп жатқанын жазған болатынбыз.