БҚО-да екпе алғандар арасында лотереяға бас жүлдеге автокөлік тігілді

БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибековтің мәлім еткеніндей, лотереяға екпенің екі компонентін алған тек өңір тұрғындары ғана қатыса алады.
Арман Талғатұлының сөзіне қарағанда, лотереяда сондай-ақ ұялы телефондар, басқа да бағалы заттар ойнатылады. Оған қатысу үшін stopcovid.kz сайтында тіркелу керек. Лотерея қорытындылары биылғы 30 тамызда шығарылады.
А.Қалибеков өңірде эпидемиологиялық ахуалдың күрделі екендігін жеткізді.
«Күн сайын стационарларға ондаған науқас ауыр жағдайда түседі. Күн сайын дерлік қаза табу дерегі тіркеледі. Аса қауіпті вирус өте тез таралады. Қалыпты жағдайға оралу үшін екпе қабылдау қажет. Ұжымдарда қызметкерлер ауырғаннан кейін кәсіпорындар елеулі түрде экономикалық зиянға қалады. Ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін қызметкерлердің кемінде 60 пайызы егілуі қажет. Өтінім түскен уақытта қалалық емханалар вакцина егу үшін ұйымдарға көшпелі бригадалар жіберуге дайын», - деді А.Қалибеков.
Облыста осы кезге дейін 92 896 адам вакцинаның бірінші, 61 459-ы екінші компонентімен егілді. Соңғы аптада алдыңғымен салыстырғанда, вакцинациялаудың 51 пайызға өскені байқалады. Лотерея да тұрғындарды екпеге барынша көбірек тарту мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да инфекциялық стационарда жатқандар саны 500-ден асқанын, маусымда 2 200-ге жуық адамнан коронавирус анықталғанын жазған болатынбыз.