БҚО-да ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған шаралар өтуде

Теректі ауданында тәуелсіздік тойына орай қазан айынан бері әр ауылдық округ мәдениет күндерін өткізуде. Бұл жолы аудандық мәдениет үйінде Подстепный және Ақсуат ауылдық округтері өз жетістіктері мен өнерлерін көрсетті. Онда келушілер көрмелермен танысқаннан кейін ауыл өнерпаздары қойған концертті тамашалады.
Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында ұйымдастырылған облыс оқушыларының «Жауқазын» қолданбалы өнер көрмесінің мақсаты үздік 20 жұмысты анықтау болатын. Бұған теректілік жас ісмерлер Покатилов орта мектебінен Оксана Турчина мен Ақсуаттан Мариям Сейтова мен Альфия Бердашеваның жұмыстары да іріктеліп алынды.
Ауданда қорытынды шаралар 26 қараша мен 15 желтоқсан аралығында «Тәуелсіздіктің жиырма шыңы» ұранымен өтетін болады. Ал 16 желтоқсан күні барлық елді мекендерде тәуелсіздік мерекесіне арналған салтанатты жиындар, концерттік бағдарламалар және спорттық шаралар ұйымдастырылмақ.
Осындай шаралар Орал қаласы мен басқа аудандарда да өтеді.