БҚО-да ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығына арналған шаралар жалғасуда

None
None
АЛ. 30 қараша. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығына арналған шаралар жалғасуда.

Жәнібек ауданында «Жұлдызды жиырма күннің» аясында «Менің Қазақстаным» деген атаумен жасөспірімдер арасында қазақша күрестен аудан әкімінің кубогі үшін байрақты бәсеке өтті. Облыстық турнирге Қазталов, Бөкей ордасы, Жәнібек аудандары және Орал қаласының жас палуандары қатысып, боз кілем үстінде күш сынасты. Оларға аудан әкімінің орынбасары Қазбек Меңеев сәттілік тіледі.

Өз салмақтары бойынша барлығы 120 палуан белдескен күрестің қорытындысында жалпыкомандалық есепте бірінші орынды Жәнібектің жасөспірімдері жеңіп алып, аудан әкімінің кубогіне ие болды. Екінші, үшінші орындарды тиісінше Қазталов және Бөкей ордасы аудандарының палуандары иемденсе, оралдықтар төртінші орынды қанағат тұтты.

«Атамекен» тақырыбындағы шара Жәнібектегі 2036-әскери бөлім шекарашыларының мәңгілік алау мен Кеңестер Одағының Батыры, батысқазақстандық М.Мәметованың ескерткішіне гүл шоғын қоюмен басталды. Аудан орталығындағы мекемелердің басшы-қосшылары қатысқан бұл шарада жұртшылықты мерекелерімен құттықтап, шекара жасағының командирі Асуан Айтмамбетов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманкелді Уәлиев сөз сөйледі.

Ұлы Отан соғысында қаза болғандарға тәу еткеннен кейін жұртшылық мәдениет үйінің алдындағы алаңда қаз-қатар сап түзеген шекара әскери-техникаларының жай-күйін көріп, білді. Сосын мәдениет үйінің фойесіндегі «Отан қорғау парызың» атты тақырыппен шекарашылардың «Атамекен» шекара күніне арнайы шығарған сурет көрмесімен, шекарашылардың күнделікті қызметінде қолданыста жүрген қару-жарақтарымен, сондай-ақ дүрбі, рация секілді құралдарымен жақынырақ танысты. Бұдан соң көрермендер шекара және мәдениет қызметкерлерінің бірлесіп әзірлеген мерекелік концертін тамашалап, мемлекеттік шекара қызметі және еліміздің шекарасын қорғауда ерлікпен қаза тапқан жауынгерлер туралы бейнефильмдерді зор тебіреніс үстінде көрді. Шекарашылар мен аудандық мәдениет үйі көркемөнерпаздарының күшімен қойылған мерекелік концерт әйгілі «Атамекен» әнімен мәресіне жетті.

Ел тәуелсіздігінің 20 жылдық меретойы аясындағы «Тәуелсіздіктің 20 шыңы - жұлдызды 20 күн» мерекелік шарасы өңірде одан әрі жалғасуда.

Соңғы жаңалықтар
telegram