БҚО-да ең үздік студенттер анықталды

АЛ. 10 қараша. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің акт залында ҚР Білім және ғылым министрлігі тәрбие жұмысы және жастар саясаты департаменті мен облыстық ішкі саясат басқармасының және «БҚО жастар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің қолдауымен, «Жас эколог», «Заман» жастар қоғамдық бірлестіктері мен «Орал студенттер альянсы» студенттік қозғалысының ұйымдастыруымен «Жыл студенті-2011» облыстық байқауының қорытынды кеші болды.
None
None

Шараның басты мақсаты - ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына арналған іс-шараларға жастар атынан үлес қосу, халықаралық студенттер күнін мерекелеуге күш салу, студент-жастардың бойында азаматтық көзқарас қалыптастырып, қоғамдық өмірге баулу, олардың белсенділігін арттыру.

«Жыл студенті-2011» облыстық байқауына құжаттар биылғы жылдың 15 қыркүйегі мен 20 қазан аралығында қабылданды. Ұйымдастырушылар тарапынан тағайындалған қазылар алқасы үміткерлердің құжаттарын қарап, жылдың үздік студентін анықтады.

Нәтижесінде «Ең дарынды студент-2011» аталымын республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы, Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің 3-курс студенті Ибрагим Жантуллин жеңіп алды, «Ең үздік өнер ұжымы -2011» аталымы бойынша Берлин, Каир, Орынбор қалаларында өткен халықаралық байқаулардың бас жүлде иегерлері - Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің өнерлі жастарынан құрылған «Нарын сазы» фольклорлық халық-аспаптар ансамблі жеңімпаз атанды.

«Жылдың ең үздік еңбек жасағы-2011» аталымы бойынша екі жыл қатарынан студенттік құрылыс топтары қатарында жұмыс жасап келе жатқан, биылғы облыста бұрын-соңды болмаған алапат су тасқыны кезінде өздерінің белсенділіктерін көрсетіп, тұрғындарға қолдау болған Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың «Жас қыран» жасағы үздік шықса, «Жылдың ең үздік зияткер студенті» болып облыстық, республикалық пікір-сайыс ойындарының жеңімпазы, Президенттік шәкіртақы иегері, «Ақиқат пікір-сайыс орталығы» төрағасының орынбасары, «Үздік төреші», «Үздік спикер» аталымдарының жеңімпазы, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың 3-курс студенті Динара Мергенева танылды. «Жылдың ең үздік спортшы студенті» - республикалық, халықаралық ерлер арасындағы қол добы чемпионы, ҚР қол добынан құрама командасының мүшесі, ҚР спорт шебері және бүгінгі таңда қол добынан қыздар командасын дайындап жүрген ең жас жаттықтырушы, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың 3-курс студенті Хусан Еренчиев. Ал «Үздік студент-2011» атағын М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың 4-курс студенті, тәуелсіздік құрдасы, республикалық пәндік олимпиаданың 2-орын иегері, республикалық пікір-сайыс ойындарының жеңімпазы, облыстық пікір-сайыс ойындарының «Үздік ойыншысы», «Жас экономист» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлыбек Тажекенов жеңіп алды.

Шара барысы өңірдің өнерлі жастары дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасты.

Соңғы жаңалықтар