БҚО-да еңбекақы берешегі 54 млн. теңгеге жетіп отыр

Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменнің төрағалығымен өткізілген әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үш жақты комиссияның және еңбекақы берешектерін өтеу бойынша шаралар қабылдау жөніндегі дағдарысқа қарсы облыстық штабтың отырысында БҚО бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің директоры Берікболат Нұржанов мәлім етті.
Оның айтуынша, ең көп бережақ (31 млн. теңге) мекеме Ақсай қаласындағы «IGS CORPATION» ЖШС («Интергазстрой»). Сондай-ақ қызметкерлеріне жалақы берешегі жиналып қалғандар қатарында «Ақсайтемірбетон» ЖШС, «Уральскгордорстрой» ЖШС, «Кеме жөндеу зауыты» ЖШС, «Казавтотранс» АҚ ОФ, «Металлбұйымдары» ЖШС сияқты мекемелері бар. Жалақыны уақтылы төлемей, еңбек заңнамаларын өрескел бұзған бірқатар заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 2010 жылдан бері 1,5 млн. теңгені құраған 11 айыппұл салынды. Берешегі бар мекемелер қадағалауда болады. Еңбек инспекторларының талабы орындалмаса, сот орындарына жүгінуге тура келеді.
Отырыста Батыс Қазақстан облысы бойынша сот актілерін орындау департаментінің директоры Күнсәуле Аралбекова еңбекақы берешектерін өндіріп алуды көздейтін сот актілерінің орындалу барысын, ҚР Қаржы министрлігі Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс комитеті БҚО бойынша департаментінің директоры Алдан Құрманғалиев берешекті өтеу кестесін орындамаған кәсіпорындармен жұмыс жөнінде айтып берді.
Отырысты облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлеймен қорытындылап, үш жақты комиссияның 2013 жылға арналған жоспары бекітілді. Комиссия шешімімен мекемелерге қарызды өтеудің нақты мерзімі белгіленіп, орындалуын қадағалау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Кемел Сәдбековке жүктелді.