БҚО-да ер адам кәріз құдығына құлап кетіп, ажал құшты
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ақжайық ауданында кәріз құдығына түсіп кеткен ер адамның мүрдесі табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға 9 сәуір күні таңертең Чапаев ауылындағы жол бойындағы «Мирас» дәмханасының жанында болған.
Дәмхана қызметкерлері болған оқиға жөнінде аудандық ішкі істер бөліміне хабарлаған. Полиция қызметкерлері жедел іздестіру шаралары барысында марқұмның саусақ таңбасы мен базадағы деректерге сүйене отырып, оның кім екендігін анықтады. Ол Зеленов ауданында тұрған Л. деген 1977 жылғы азамат болып шықты.
Аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Бекбол Ортаевтың сөзіне қарағанда, сараптамаға сәйкес ер адам құдықтағы суға батып кеткен.
Қазіргі кезде тексеру жүргізілуде.
Фото: donpress.com