БҚО-да есірткі заттарын таратумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында биылғы бес айда есірткіге қатысты 110 құқық бұзушылық анықталды.

БҚО полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Бағдат Түгеловтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, соның ішінде 45-і – қылмыс, 65-і – теріс қылық.
Бағдат Аманжолұлының сөзіне қарағанда, 25 есірткі сату, 2 аса ірі көлемде сақтау, 10 есірткі өсімдіктерін өсіру және 7 контрабанда дерегі тіркелді. Заңсыз айналымнан 19 кг 630 грамм есірткі заттары тәркіленді.
– Жыл басынан бері басқа өңірлерден есірткі заттарын тасымалдаудың 2 арнасына тосқауыл қойылды. Ал 27 мамыр күні облыс аумағында есірткі заттарын таратумен айналысқан 6 қатысушыдан құралған ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды, нәтижесінде 2 интернет-дүкені жойылды, - деді Б.Түгелов.
Оның айтуынша, есірткі өсімдіктерін өсіру бойынша 8 зертхана анықталды. Оған қоса синтетикалық есірткі заттарын өндіретін есірткі зертханасын анықтау бойынша іс-шаралар жүргізілуде.
– Есірткі құқық бұзушылықтары үшін 80 адам қолға түссе, оның 22-сі есірткі заттарын сату бойынша, соның нәтижесінде заңсыз айналымнан 840,42 грамм синтетикалық есірткі заттары мен 16 келіден астам марихуана тәркіленді. Бұл өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда, үш есе көп. Жыл басынан бері есірткі және оның жарнамаларын тарату бойынша 552 есірткі сайты бұғатталды. Сонымен қатар 813 адамның банктік есепшоттарына (жалпы сомасы 39 млн 915 мың теңге) шектеу қойылды және 28 млн 17 мың 445 теңгеге сотпен тыйым салынды, - деді Б.Түгелов.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда үш притонның әрекеті әшкереленгенін жазған болатынбыз.