БҚО-да газ бен электр жарығына Ресейге тәуелділік қашан шешіледі – әкім жауабы
АСТАНА. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысының кейбір аудандары мен елді мекендері көрші Ресей газы мен электр энергиясымен қамтылған. Облыс басшысы Нариман Төреғалиев сыртқы тәуелділікті азайтып, мәселені шешу жолдарын атады.
«Энергетика саласына қатысты маңызды мәселе тәуелділікті азайту. Бүгінде облыстың Жәнібек және Бөкей Ордасы ауданын электр жарығымен толықтай Ресей Федерациясы қамтып отыр. Осыған байланысты қазір 5 мегаватты газ поршеньді қондырғысын орнату бойынша келіссөз жүргізіп жатырмыз», - деді Нариман Төреғалиев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, аталған жұмыс Энергетика министрлігімен бірлесе атқарылады.
«Газ саласы бойынша, облыста 4 елді мекен Ресейден келетін газбен қамтылған. Атап айтқанда, Жәнібек ауданында 3 ауыл (Қамысты, Борсы, Талов) және Бәйтерек ауданында 1 ауыл (Раздольное). Бүгінде Жәнібек ауданы бойынша құрылыс жұмыстарына жауапты мердігер компания анықталып, келесі жылы жүзеге асырылады. Ал Бәйтерек ауданы бойынша жоба жасақталып жатыр», - деп түсіндірді өңір басшысы.
Бұған дейін БҚО әкімі тасқынмен күрес және оның салдарын жою жұмыстары туралы айтқан еді.