БҚО-да газдан иіс тиіп, көз жұмған әйелдің қазасына қатысты тергеу амалдары жүргізілуде

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бұдан бұрын ҚазАқпарат хабарлағанындай, Ақсай қаласында 10 қаңтар күні өз үйінде газдан иіс тиіп, көз жұмған 1979 жылғы әйелдің қазасына қатысты тергеу амалдары жүргізілуде, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

БҚО-да газдан иіс тиіп, көз жұмған әйелдің қазасына қатысты тергеу амалдары жүргізілуде

БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, аталған дерек ҚР ҚК 104-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Нақты шешім сот-медициналық сараптама қорытындысы белгілі болғаннан кейін шығарылмақ.

Марқұмның көршісінің сөзіне қарағанда, бір аулада екі үй қатар орналасқан. Сол күні «ОралГазАймақ» ЖШС мекемесінен екі қызметкер келіп, газ жүретін жолды тазалап кеткен. Оқиға содан кейін орын алған. Оны үйіне мектептен оралған марқұмның үлкен баласы хабарлаған.

Еске сала кетейік, сол мезгілде үйде болған әйелдің 2013 жылғы егіз ұлы мен қызын дәрігерлер арашалап қала алды.