БҚО-да «Халық дауысына» 50 мыңға жуық адам қатысты

None
None
ОРАЛ. 30 қараша. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында «Халық дауысы» іс-шарасы жалғасуда.

Оралдағы №5 қалалық емханада өткен шараға «Нұр Отан» ХДП БҚО филиалы төрағасының орынбасары Абат Шыныбеков және облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Мәншүк Аймұрзиева қатысып, емхана қызметкерлерін тәуелсіздіктің 20 жылдығымен құттықтады.

Жиында өңірдің медицина саласындағы жетістіктері сараланып, шараның мақсаты мен маңызы жайлы айтылды. Кездесу соңында емхана қызметкерлері өз ұсыныс-пікірлерін арнайы орнатылған жәшікке салды.

«Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы ғимаратының мәжіліс залында аталмыш іс-шараның осы уақытқа дейінгі нәтижесін қорытындылауға арналған дөңгелек үстел отырысы да болды.

Онда аталып өтілгеніндей, «Нұр Отан» ХДП ұйытқы болуымен ұйымдастырылып отырған «Халық дауысы» акциясы еліміздің барлық облысында өтуде. Мақсаты - әрбір қазақстандық азаматтың қоғамдық өмірге деген көзқарасын, ой-пікірін білу. Акция басталғалы облыста 160 орынға арнайы жәшіктер орнатылды. Ол қаладағы ірі кәсіпорындар, темір жол вокзалы, әуежай, автобекет, сауда орталықтары секілді халық көп шоғырланатын жерлерден бастап, барлық елді мекендерді қамтыды.

-Акцияға облыс бойынша 50 мыңға жуық азамат қатысып, 38 мыңның үстінде нақты ұсыныс-пікір түсті. Оның алғашқы легін жүйелеп, орталық аппаратқа жолдадық. Келіп түскен ұсыныс-пікірлердің ішінде білім, денсаулық, тұрғын үймен қамту, әлеуметтік, жастар саясаты, тіл саясаты, жол мәселесі, газдандыру, ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелерін ерекше атауға болады. Облыс орталығымен, ауылдар арасындағы көлік қатынайтын жолдардың нашарлығы - ауылдағы ағайынның көтеріп отырған басты мәселелерінің бірі. Осы жолдарды жөндейтін, тазартатын жергілікті жерлердегі коммуналдық шаруашылық мекемелерінің жұмысын жандандыру туралы ұсыныстар айтылған. Бұдан бөлек бағаны шектеу, азық-түлікпен қамту мәселесі облыс көлемінде өзекті болып отыр. Дәріханалар ашу, халықты тегін дәрі-дәрмекпен қамту, мектептегі білім сапасын арттыру, тұрғын үй мәселелері де көпшілікті елеңдетіп отырғанына акция нәтижесі көз жеткіздік. Кеше ғана «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XIV съезінде Елбасымыз «Халық дауысынан» түскен ұсыныстар мен пікірлер партияның алдағы бағдарламасынан кең көрініс табатынын айтып өтті, - деді Абат Шыныбеков.

Қазан айында басталған аталмыш акция жыл соңына дейін созылмақ.

Соңғы жаңалықтар
telegram