БҚО-да интернет-алаяқтар келтірген залал 211 млн теңгеден асып отыр

полиция
Фото: БҚО полиция департаменті

 ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері тұрғындарға интернет-алаяқтар 211 млн 97,052 мың теңге шығын келтірсе, соның 28 млн 262,212 мың теңгесі жәбірленушілерге қайтарылды.

БҚО полиция департаменті криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Артур Мұсағалиевтің мәлім еткеніндей, Cyberpol тобының қызметкерлері сонымен қатар жәбірленушілердің шығындарын ҚР Азаматтық кодексі 953-бабының (негiзсiз байлықты қайтару мiндетi) негізінде дропперлерден қайтару жұмысын ұйымдастыруда.

Биыл дропперлерден сот шешімімен 15 млн 389,535 мың теңге өндірілді.

Артур Ғайсаұлының сөзіне қарағанда, биылғы бес айда 159 интернет-алаяқтық қылмысы тіркелді, бұл өткен жылғыдан 18 дерекке немесе 10,2 пайызға аз.

Соның 43-і немесе 27 пайызы (2023 жылы — 53, 29,9 пайыз) ашылды.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында алаяқтық фактілер кезінде пайдаланылған дропперлердің 59 банктік есепшоты (33 млн 714,166 мың теңге) және алаяқтар қоңырау шалған 392 ұялы телефон нөмірі бұғатталды. 

Жалпы тіркелген 159 интернет-алаяқтық дерегінің 27-сі зейнеткерлер, 13-і мұғалімдер, 13-і дәрігерлер, 14-і басқа мемлекеттік қызметкерлер, 25-і жұмыссыздар, 67-сі жеке кәсіппен айналысатындарға қатысты жасалған. 

«Қазіргі таңда алаяқтықтың ең көп таралған түрі — өзін банк қызметкері ретінде таныстыру, осындай 119 дерек тіркелді. Биыл екі мәрте республикалық „AntiFraud“ (19-21 ақпан және 14-16 мамыр аралығында) және „Stop-интернет алаяқтық“ облыстық (19-21 ақпан) жедел алдын алу іс-шаралары өткізіліп, соның барысында 29 қылмыс анықталып, ашылды. Аталған қылмыстың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері тұрақты негізде телеарналар және интернет платформалар арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Мысалы, сондай іс-шаралар нәтижесінде ЕGOV сайты арқылы ерікті түрде 21 мыңнан астам адамның шоттары бұғатталды. Өңірде мұғалімдер мен дәрігерлерге қатысты алаяқтық деректері жиілеп кетті. Соған байланысты 8 мыңнан астам дәрігер мен 16 мыңнан астам мұғалімге алдын ала ескерту жұмыстары толығымен жүргізілді», -дейді А.Мұсағалиев.

Басқарма бастығы орынбасарының айтуынша, азаматтардың интернет-алаяқтық деректері бойынша арыз-шағымына жедел ден қою үшін өткен жылы 19 мамырда Орал қалалық полиция басқармасы жанында киберқылмысқа қарсы іс-қимыл жасайтын «Cyberpol» тобы құрылып, оның құрамына 4 тергеуші, 3 жедел уәкіл және 1 криминалист енгізілген еді.

Содан бері ашылған қылмыстық істер ішінде эпизодтық бірнеше істер бар.

Айталық, өткен жылы қыркүйек айында жұмысқа орналастырамын деп алаяқтық жасаған Қызылорда облысының тұрғыны — әйел адам ұсталып, қылмыстық іс 8 эпизод бойынша (келтірілген шығын — 1 млн 250 мың теңге) сотқа жолданды.

Сол секілді қазан айында өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, алаяқтық жасаған қылмыскерлердің сыбайласы — ресейлік азамат қолға түсіп, 8 эпизодтық қылмыстық іс (залал — 23 млн 133,500 мың теңге) биыл сотқа жіберілді.

Желтоқсан айында осыған ұқсас қылмыс жасаған Орал қаласының тұрғыны құрықталып, оған қатысты 5 эпизодтық қылмыстық істі (8 млн 210 мың теңге) сотқа жолдау көзделуде. 

«Мұндай қылмыстар биыл да тыйылмай отыр. Мысалы, Орал қаласының тұрғыны пәтерді жалға беремін деп krisha.kz қосымшасында жалған жарнама берген (келтірілген шығын — 170 мың теңге). Ал Маңғыстау облысының тумасы жұмысқа орналастырамын деп жәбірленушілерге 1,2 млн теңге залал келтірген. Бұларға қатысты сәйкесінше 5 және 3 эпизодтық қылмыстық істер таяу уақытта сотқа жолданбақшы. Қорыта айтқанда, интернет-алаяқтық жасаудың кең таралған, сондай-ақ жаңа тәсілдерін жария ете отырып, тұрғындардың алданбауы үшін алдын алу жұмыстарының аясын кеңейте түсуге бағыт ұстаудамыз», -деп түйіндеді ойын А.Мұсағалиев.

 

Соңғы жаңалықтар