БҚО-да инватакси қызметінде заң бұзушылықтар анықталды
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы прокуратурасы мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау саласында заң бұзушылықтарды анықтады.

Тексеру барысында инватакси қызметтері кресло-арбамен жүретін адамдарды тасымалдауға арналған арнайы құрылғымен жабдықталмаған көліктерде көрсетілгені белгілі болды. Сондай-ақ көліктерде балаларды ұстауға арналған құралдар мен такси белгісі болмаған.
Инватакси қызметін көрсететін жеткізуші де біліктілік талаптарына сай келмеген.
- Аудан прокурорының ұсынуы бойынша 2025 жылға арналған инватакси қызметтерін көрсету конкурсының шарттары заңнамаға сәйкес қайта қаралып, қазір күндізгі және түнгі жұмыс кестесін, демалыс және мереке күндерін қамтиды. Сонымен қатар, Сырым ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысына мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылығы үшін «қызметке толық сәйкес еместігі туралы» ескерту берілді, - деп жазды бақылаушы органнан.
Бұдан бөлек, 6 млн теңгеден астам сомаға жалған маршруттық парақтар жасау деректері анықталып, олар бойынша материалдар сотқа дейінгі тергеп-тексеру уәкілетті органына жолданды.
Айта кетейік, Қызылордада да инватакси қызметіне қатысты шағым көп.