БҚО-да инвестордың 462 млн теңгелік суару жабдығын пайдалануға кедергі болған мәселе шешілді
АСТАНА. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында прокуратура араласқаннан кейін инвестордың жаңбырлатып суару жабдығын пайдалануына мүмкіндік туды. Бұған дейін «Көшім» арнасына судың жеткіліксіз мөлшерде берілуі салдарынан 462 млн теңгеге орнатылған жабдықты іске қосу мүмкін болмаған.
Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Нығмет» шаруа қожалығы жер учаскесін игеру үшін жаңбырлатып суару жабдығын орнатқан. Алайда су тапшылығы инвестициялық жобаны жүзеге асыруға кедергі келтірген.
Мәселені шешу үшін аудан прокуратурасы инвестор және «Қазсушар» РМК-ның Батыс Қазақстан облыстық филиалы өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесу нәтижесінде су арнадан қажетті көлемде әрі үздіксіз берілуі қамтамасыз етілді.
Осылайша, кәсіпкерлік қызметке кедергі болған мәселе шешіліп, суару жабдығының істен шығу қаупінің алдын алды. Прокуратураның араласуымен инвестордың құқықтары қорғалып, ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға жағдай жасалды.
-Инвесторлардың құқықтарын қорғау және қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру – прокуратура органдары қызметінің басым бағыттарының бірі. Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы кәсіпкерлер мен инвесторлар өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелері бойынша прокуратура органдарына жүгіне алатынын еске салады,-делінген хабарламада.
Осыған дейін Қызылордада инвестор құқығын шектеген кент әкімі жауапқа тартылғаны туралы жаздық.