БҚО-да ішкі істер органдарында 300-ден астам әйелдер еңбек етеді
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында ішкі істер органдарында 300-ден, облыстық департаментте 200-ден астам әйелдер еңбек етеді. Бұл туралы бүгін облыстық қазақ драма театрында БҚО ішкі істер департаменті ұйымдастырған салтанатты жиында айтылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Департаменттің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, шара барысында ҚР Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымовтың құттықтау жеделхаты мен бұйрығы оқылып, өз міндеттерін мінсіз атқарып, жоғары табыстарға қол жеткізген әйел қызметкерлер марапатталды. Атап айтқанда, БҚО ІІД тергеу басқармасының тергеушісі, полиция подполковнигі Алмагүл Бекбасова, жергілікті полиция қызметінің инспекторы, полиция капитаны Гауһар Қараменова, департаменттің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Фариза Құсайынова екінші дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» кеудебелгісімен марапатталса, Орал қалалық ішкі істер басқармасы Абай полиция бөлімінің инспекторы, полиция майоры Анаргүл Қалиева министрлік грамотасын, Бөрлі аудандық ішкі істер бөлімінің аға криминалисі, полиция майоры Ирина Андреева, Орал қалалық ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметі кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Анар Бақырбаева министрлік алғысхатын иеленді. Сонымен қатар бір топ қызметкерге департаменттің марапаттары табыс етілді.
Жиналғандарды мерекемен БҚО ІІД бастығы, полиция генерал-майоры Мақсұтхан Әбіләзімов құттықтап, әйелдердің қызмет пен қоғамдағы орны ерекше екендігін атап өтіп, игі тілегін жеткізді.
Мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласты.