БҚО-да Қадыр Мырза Әлінің 90 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралар мәресіне жетті

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза Әлінің 90 жылдығы кең көлемде тойланды. 

Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығынан
Фото: Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығынан

Қадырды Ақжайық жұртшылығы айрықша қадір тұтады. Орал қаласы мен Сырым ауданы орталығы Жымпиты ауылында ақынның еңселі ескерткіші орнатылса, Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы 10 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығынан
Фото: Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығынан

Мерейтой аясында ақын ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, «Атамекен» өнер орталығында Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония артистері дәуір дарабозына арналған концерт қойды. 

Кеш барысында сөз алған Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Қадыр Мырза Әлінің өлеңімен де, азаматтық болмысымен де Тәуелсіздігіміздің іргетасын қаласып, ұлтымыздың рухын көтерген қайраткер екенін атап өтті. 

Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығынан
Фото: Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығынан

Бүгінде ақын есімі Батыс Қазақстан облысындағы 3 мектеп, 6 көше, 1 шағынаудан, сонымен қатар облыстық мәдениет және өнер орталығына беріліп, ел құрметінің мәңгілік белгісіне айналды.

– Тағы бір қуанышты жаңалық – «Қадыр» ғылыми-қоғамдық журналы оқырманға жол тартты. Бұл басылым Ақ Жайық топырағынан түлеген ақын-жазушылардың шығармашылығын кеңінен танытатын руханияттың жаңа жаршысы болатыны анық. Сондай-ақ Қадыр ағамыз бен Ақ Жайықтың жұлдызы, Қазақстанның халық әртісі Ескендір Хасанғалиевтің бірлескен туындысы – халқымыздың рухын асқақтатқан «Атамекен» әнінің шыққанына 55 жыл толды. Бұл ән бүгінде барша қазақтың жүрегінен орын алған мәңгілік рухани мұраға айналды, - деді өңір басшысы.

Ақынның жары Салтанат Мырзалиева осындай құрмет үшін Ақжайық жұртшылығына ризашылығын білдірді. 

Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығынан
Фото: Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығынан

Қадырдың мол мұрасы – халқымыздың сарқылмас байлығы. Оның 18 томдық шығармалар жинағы – соның дәлелі. 

Мерейтойлық іс-шарада белгілі меценат, «Қадыр Мырза Әлі» қоғамдық қорының құрылтайшысы, «КАТЭК» серіктестігінің бас директоры Құндыз Нұповтың демеушілігімен жарық көрген «Жүрегіме жеткен жыр» және «Қадырдың қанатты сөздері» атты қос жаңа кітаптың тұсауы кесілді. 

Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығынан
Фото: Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығынан

Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мереке Құлкенов Қадыр Мырза Әлінің қазақ руханиятындағы орнына тоқталды.

– Осыдан он жыл бұрын Оралда Қадырдың орталығы мен ескерткіші ашылған кезде қазақтың тағы бір ұлысы, кемеңгері Әбіш Кекілбай: «Қазақтың руханиятына, қазақ поэзиясына Қадырдай еңбек сіңірген ақын кемде-кем» деген еді. Мен соған толық қосыламын. Өйткені Қадыр балаларға арналған тақпақтардан бастап, қазақтың ақсақалдары айтқысы келетін сөздің бәрін жазып кеткен адам. Домбыраның қадыр-қасиетін де жеткізген ақын. Кең даламыздың да поэзиялық портретін жасап кеткен сол Қадыр, - деді М.Құлкенов. 

«Қадыр мұрасы – ұлттың баға жетпес рухани құндылығы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияда да өрелі ойлар айтылды. 

Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығынан
Фото: Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығынан

Бұдан кейін Қадыр тойы туған жері – Сырым ауданында жалғасты. Мұқадес Есламғалиұлы атындағы орталықтандырылған кітапхана жүйесінде Қадыр Мырза Әлі атындағы әдебиет және руханият залы өз есігін айқара ашты.

Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгереева өз сөзінде кітапханаға есімі берілген Мұқадес Есламғалиұлының өз өлкесінің тарихын түгендеп кеткен жазушы екенін еске салды. 

– Қадыр – қазақтың Абайдай кейінгі ұлы ақыны. Қазақтың ұрпағы аман тұрғанда, ақынның 180 жылдығы да тойланатыны анық. Біз осындай ақын-жазушыларымыздың туындыларын оқып, насихаттай білуіміз керек, - деді А.Бақтыгереева.

Сондай-ақ Қадыр ақын атындағы мектеп қабырғасында ақын бейнесіне арналған мурал ашылды.

Дала қызықтарынан кейін Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театры қойған «Қадыр – Адам» спектаклінің премьерасымен Қадыр тойы қорытындыланды. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда ақын Ғұмар Қараштың 150 жылдығына арналған мүшәйраның мәресіне жеткенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар