БҚО-да Жайық өзеніндегі су деңгейі Январцев ауылы тұсында 317 сантиметрге жетті

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында бірқатар өзендерде су деңгейі көтерілсе, кейбіреуінде төмендеді.

Қалдығайты өзені
Фото: Тұрғындардан

«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының 18 наурыз күнгі таңдағы мәліметіне қарағанда, Жайық өзені Бөрлі ауданы Жарсуат ауылы тұсында 292 см (+9 см, қауіпті шегі – 1 мың см) және Бәйтерек ауданы Январцев гидробекетінде 317 сантиметрге (+11 см, 1 мың см) жеткенімен, Орал қаласында бір тәулікте 8 см (293 см, 850 см), Көшімде 5 см (241 см), Ақжайық ауданы Тайпақ ауылында 2 сантиметрге (178 см) түсті.

Шаған өзені Бәйтерек ауданы Чувашин гидробекетінде 892 сантиметрді (+35 см, қауіптісі – 1 280-1 300 см) көрсетті. Бірақ Шағанның Оралға таяу орналасқан Мичурин ауылы маңында ағысы бәсеңдеген (-9). 

Шыңғырлау ауданында Елек өзені 263 см (+26, қауіпті шегі – 750 см), Шыңғырлау өзені Ақшатта 436 см (+20 см, 540 см), Ақтауда 444 см (+20 см, 650 см), Бөрлі ауданы Кеңтүбек ауылында 584 см (өсім – 40 см, 700 см) болды. 

Сондай-ақ Қалдығайты өзені Қаратөбе ауданы Егіндікөл ауылы тұсында бірден 61 см жоғарылап, 380 сантиметрге (қауіпті деңгей – 470 см) жетті.

Бәйтерек ауданында Быковка өзені Құрманғазы ауылында 725 сантиметрге (+39 см, қауіптісі – 810 см) шарықтаған. 

Казталов ауданында Қараөзеннің Қайыңды және Жалпақтал ауылдары маңында көтеріліп жатқаны байқалады.

Ал Сырым ауданында Аралтөбе ауылына барар жолдағы уақытша көпірді жырып кеткен Шідерті өзенінің арыны қайтып, бірден 98 сантиметрге төмендеген. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда ауыл маңындағы көпірді су шайып кеткенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Батыс Қазақстанда Шаған өзеніндегі су деңгейі 860 сантиметрге жуықтады.

Соңғы жаңалықтар