БҚО-да қалдық орындарын бақыламаған аудан әкімінің орынбасары сөгіс алды

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданының прокуратурасы жергілікті атқарушы органдардың қызметінде қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару кезіндегі заңдылықтың сақталуына талдау жүргізді.

День прокуратуры отмечается в Казахстане
Фото: Бас прокуратура

БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, талдау нәтижесінде бұл бағыттағы жұмыстың ұйымдастырылмағаны анықталды. 

Жыл сайын Қаратөбе ауданында тұрғындардан 15 620 мың текше метрден астам тұтыну және өндіріс қалдықтары жиналады.

Қаратөбе аудандық мәслихатының 2024 жылғы 27 қыркүйектегі шешімімен бекітілген 2024-2028 жылдарға арналған коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі бағдарлама ескірген санитарлық ережелер мен нормалардың негізінде дайындалған. Оған тіпті Қаратөбе ауданының аумағында жоқ елді мекенде қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын жайластыру жөніндегі іс-шаралар енгізілген.

Прокуратураның наразылығы бойынша мәслихат шешімінің күші жойылды.

Прокуратура мәліметіне қарағанда, коммуналдық қалдықтарды орналастыратын 16 нысанның барлығы экологиялық талаптарға және санитарлық ережелер мен нормаларға сәйкес келмейтіні анықталды. Қоқыс үйінділері қоршалмаған, оларға үй жануарларының ет-терісінің қалдықтарын шығаруға және көмуге жол берілген. Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау жұмысы қолға алынбаған.

Қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнерлер тек 4 елді мекенде ғана жабдықталған, бұл ретте олар қақпақтармен жабылмаған. Салдарынан жел соққанда, қоқыс ауыл аумағына таралады.

Саралжын, Сулыкөл және Қоскөл ауылдық округтерінде қоқыс контейнерлеріне арналған алаңдар қатты жабынмен және үш жағынан қоршаумен жабдықталмаған. Аудан орталығында қоқыс контейнерлері тұрғын үйлерден 25 метрден кем қашықтықта орналасқан. Оған қоса тұрғындардың қатысуымен комиссиялық белгілеу рәсімі өткізілмеген.

- Қаратөбе ауданы прокуратурасының ұсынысы бойынша әкімдіктер санитарлық ережелер мен нормаларға сәйкес қалдықтарды жинауға арналған арнайы алаңдарды жайластыруды қамтамасыз етті. Полигон мен қоқыс тастайтын жерлерді экологиялық талаптарға сәйкес келтіру мақсатында 2026-2030 жылдарға арналған инвестициялық жоспар бекітілді. Қалдықтармен жұмыс істеу мәселелері бойынша ведомстволық бақылауды бетімен жібергені үшін Қаратөбе ауданы әкімінің орынбасары Мұхтар Шайжанов сөгіс түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 147 қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының тек 22-сінің рұқсат құжаттары бар екендігін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар