БҚО-да кәнігі ұрылар малды сойып, бас-терісін тығып тастап отырған
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында мал ұрлығымен айналысқан күдіктілер ұсталды.

БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Жәнібек ауданының екі тұрғыны ұрланған малдың етін Орал қаласына тасымалдау кезінде қолға түскен.
Көлікті тексеру барысында еркін жайылымнан жымқырылған екі ірі қараның сойылған еті табылды.
Тергеу барысында малдың Жәнібек ауданының бір тұрғынына тиесілі екені анықталды.
Жедел іздестіру іс-шаралары нәтижесінде күдіктілердің бірі осыған дейін аудан аумағында тағы үш рет мал ұрлығын жасағаны белгілі болды. Олар ұрланған малды сатып, терілерін Ащыөзек өзенінің көпірінің астына тастаған. Сонымен қатар күдіктілердің бірі малшы болып жұмыс істеп жүрген кезде қылмыс жасағаны анықталды.
- Тергеу барысында жақын маңнан ұрланған малдың көмілген бас-терісі және басқа да бөліктері табылды. Сондай-ақ қылмыс жасауға пайдаланылған құралдар тәркіленді. Қазіргі уақытта мал ұрлығы бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталып, іс материалдары сотқа процессуалдық шешім қабылдау үшін жіберілді, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын жол-көлік оқиғасын жасаған БҚО әкімдігінің қызметкері жұмысынан босатылғанын жазған болатынбыз.