Жол-көлік оқиғасын жасаған БҚО әкімдігінің қызметкері жұмысынан босатылды
ОРАЛ. KAZINFORM - Батыс Қазақстан облысы әкімі аппараты ішкі аудит қызметінің жетекшісі Ербол Найзабеков 2024 жылдың қазан айында жол-көлік оқиғасын жасады.
БҚО әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, облыстық полиция департаменті оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 608-бабына сәйкес әкімшілік іс қозғады. Тиісті сараптамалар тағайындалды.
- Тексеру қорытындыларына сәйкес іс материалдары сотқа жолданатын болады. Мемлекеттік қызметшілердің қызмет этикасы талаптарын бұзғаны үшін Е.Найзабеков қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Қазіргі кезде ол қызметінен босатылды, - деп хабарлады ведомстводан.
БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің нақтылауынша, осы оқиға салдарынан жарақат алған жәбірленуші қыздың қаншалықты зардап шеккенін анықтайтын сараптама келгеннен кейін іс сотқа жолданады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда полиция қызметкерінің автокөлігімен ер адамды қағып өлтіргенін жазған болатынбыз.