БҚО-да қаңғыбас иттер көп: мәселені шешудің жолдары қандай
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында қаңғыбас иттердің көбейіп кеткені жиі айтылып жүр. Соңғы кезде олардың топталып жүріп, мал мен құсты қырып кету деректері жиіледі. Сондай-ақ иттердің адамды қабу оқиғаларының жиі тіркелетіні жасырын емес. Бұл орайда тиісті мекеме-ұйымдар тарапынан не істелуде? Осы бағытта Kazinform жауапты мамандармен тілдесіп, мәселені сараптап көрді.

Иелері көшеге қоя береді
Орал қалалық ветеринариялық станциясының директоры Ерлан Ищановтың мәлімдеуінше, табиғи жағдайда да, қалаларда да қаңғыбас және жабайы иттерге қатысты мәселелер өте өзекті күйінде қалып отыр.

— Қазіргі таңда қаңғыбас иттерге арыз-шағым Орал қалалық ветеринария станциясына тұрғындардан, телефоннан, IKomek (109) қызметінен, E-otinish пен учаскелік полициядан көптеп түсуде. Күз мезгілінде халыққа иесі бар иттерге чип қойылу керек екендігі туралы түсініктемелер жүргізілді. Чиптелмеген жағдайда айыппұл қаралған. Иттерді иелері асырап, көшеге қоя береді. Сол себепті қаңғыбас иттер көбеюде, — дейді ветстанция директоры.
Оның айтуынша, қалада қаңғыбас иттерді ұстап, биозалалсыздандыру бойынша екі бригада жұмыс жасайды. Арыз түскен жерлерге бригада барып, иттерді тормен аулап, «Жәрдем-Вет» оқу орталығына жеткізеді.

Клиникада ауланған ит және мысықтар биозарарсыздандырылып, чип қойылып, мекендеу ортасына кері жіберіледі. Он күн карантинге қойылып, сол аралықта ит немесе мысықтың құтыру ошағы анықталған кезде жедел түрде ветеринар дәрігерлер және қалалық инспекция мамандары жетіп, бас-миын алып, қалалық зертханаға жібереді.
«Қаңғыбас иттерді аулау қазір тіпті оңай емес. Өйткені 2021 жылдың желтоқсан айында „Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы“ қабылданған заңға сәйкес бұрынғыдай бір оқпен атып алуға болмайды. Сонымен қатар иесіз жануарларды аулаумен және зарарсыздандырумен айналысатын ұйымдар мен зооқорғаушылар арасында талас-тартыстың болатыны да жасырын емес. Көптеген адамдар ұсталған иттер мен мысықтарды арнайы баспаналарға орналастыруды талап етеді. Онда оларға жақсы күтім жасалып, шығындар қала бюджетінен өтелуі тиіс дейді. Алайда бұл тәсіл қала үшін қаражаттың жетіспеушілігінен ғана емес, сонымен қатар экономикалық және ветеринарлық-санитарлық себептермен де қолайсыз болып тұр. Бір атап өтетін жайт, тұрғындар иттер мен мысықтарды ұстау ережелерін сақтамайды. Соның салдарынан Орал қаласында қаңғыбас иттер санының күрт өскені байқалады», деп түсіндірді Е.Ищанов.

Орал қаласы әкімінің орынбасары Аслан Тапишев қазіргі таңда әкімдік тарапынан ветстанцияға үш автокөлік қарастырылып жатқанын жеткізді.
— Қаңғыбас иттерді ұстау үшін ветстанцияның күші жеткіліксіз болып отыр. Сондықтан оларға қосымша техника керек. Қалада иттердің көбейіп кеткені еш жасырын емес. Балалар мектепке бара алмайды не адамдар көшеде еркін жүре алмайды. Осы мәселе зооқорғаушылармен өткізілген жиналыста да талқыланып, жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Бірақ олардың арасында да ауызбіршілік жоқ. Түрлі пікір бар. Біреулері итті панажайға толтыру дұрыс емес дейді. Екіншілері Круглоозерный кентінде салынуы мүмкін мемлекеттік панажай қаржысын бізге беріңдер және оның қалада тұрғызылғаны жөн дейді. Бірақ мемлекет қаржысын «Доброе сердце» сияқты қоғамдық қорларға беру мүмкін емес. Итті қорғау бағытында жоба жасап, ұсыныңыздар, біз қарайық деп айттық, — деді А.Тапишев.
Паразит аурулар бойынша ахуал өте күрделі
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті жанындағы «Жәрдем-Вет» оқу-ғылыми-өндірістік орталығының меңгерушісі Бекжасар Сидиховтың талдауынша, Орал қаласы ветеринариялық инспекциясы мен Орал қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мәліметтері бойынша соңғы бес жылда (2020-2024 жылдар) иттердің адамға шабуыл жасауы мен тістеуіне қатысты 5 719 дерек тіркелген.
Екі иттің құтыру ауруына шалдығуына байланысты тиісті жұмыстар жүргізілген. Ал БҚО ветеринария басқармасының деректеріне қарағанда, Орал қаласында осы жылдары құтыруға қарсы 127 480 ит егілген. Оған қоса бес жылда Оралда 6 мың, облыс бойынша 24 мың үй иттері дерекқорға енгізілген.

«Жәрдем-Вет» орталығының мәліметіне сәйкес 2020-2024 жылдары облыс орталығында қараусыз қалған 7 224 ит бірдейлендіру базасында тіркелген. Соның ішінде 2020 жылы 1 214 қаңғыбас ит есепке алынса, бір жылдан кейін 2 065-қа жеткен.
Сонда бұралқы иттер саны бір жылдың ішінде 851 басқа артып отыр. Есепке алынбағандары қаншама. Биыл он айдың өзінде 1 567 ит дерекқорға енгізілді. Демек, қараусыз қалған иттер саны жыл санап көбейіп келеді.
— Ең қауіптісі, қаладағы иттердің паразиттік аурулары бойынша эпизоотиялық жағдай өте күрделі. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде иттердің денесінде гельминттердің сегіз түрі табылды, трематод, цестод және нематодтар. Эктопаразиттер қатары да жиі кездеседі, мысалы: саркоптоз, отодектоз, демодекоз. Иттердегі паразитоздың кең таралуы бұралқы иттер популяциясының көбеюіне тікелей байланысты, — дейді Б.Сидихов.

Осылайша, мегаполисте иттер жұқпалы және паразиттік аурулардың тасымалдаушысы болуда. Осы аумақта үнемі қозғалыста жүретіндіктен, оларды өнебойы ветеринариялық бақылау мүмкін емес. Оған тұрғындардың итті ұстау мәдениетінің жетіспеуі қосылып, соның бәрі аурудың таралуына ықпал етеді.
— Қаланың түрлі аудандарынан ауланған бұралқы иттердің жұқпалы және паразиттік аурулардың қоздырғыштарымен зарарлануын анықтау үшін биоматериалдар алынды. Зерттеу нәтижесінде Орал қаласындағы иттердің гельминттердің 8 түрімен зарарланғаны анықталды. Атап айтқанда, Toxascaris leonina — 29,9 пайыз, Toxocara canis — 59,9 пайыз, Ancylostoma canis — 25,0 пайыз, Uncinaria stenocephala — 39,9 пайыз, Dipylidium caninum — 44,9 пайыз, Dirofilaria repens — 29,4 пайыз, Opisthorchis felineus — 29,9 пайыз, Echinococcus granulosus — 15,0 пайыз. Ал Оtodectes cynotis (құлақ қышымасы) инфекциясы 55,2 пайыз болды. Сол секілді бұралқы иттердің биологиялық үлгілерінен токсокароздың, цестодоздың және бруцеллездің қоздырғыштары табылды. Сондай-ақ қоздырғыштарға антиденелер, яғни, бруцеллезге — 57,9 пайыз, пастереллезге — 21,05 пайыз, туберкулезге — 18,4 пайыз, лептоспирозға — 2,6 пайыз, листериозға — 7,9 пайыз, лямблиозға — 2,6 пайыз, эхинококкозға — 76,3 пайыз, токсокарозға 51,3 пайыз анықталды, — дейді маман.

Оның пікірінше, Ветеринария туралы заң, ал содан кейін Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заң — қоғамның жалпыадамзаттық құндылықтарын дамытудағы маңызды қадам. Қазіргі шындық адам мен жануарлар арасындағы қарым-қатынас тетігін құруды, іске асыруды және дамытуды талап етеді. Бұл қатынастардың тетігі мынада: «сіз еркінсіз, бірақ сіздің еркіндігіңіз басқаның еркіндігі басталған жерде аяқталады» қағидатын сақтаудың ең жақсы шарттарын қамтамасыз етуі керек.
Ауыл шаруашылығы министрінің қараусыз қалған жануарларды аулауға қатысты 2014 жылғы 30 қазандағы бұйрығы да — осы тетікті қолданудың бір жолы.
Бұралқы жануарлардың пайда болуының негізгі екі түрі бар: біреуі — көшеде туғандар, екіншісі — иесі тастап кеткендер. Түрлі елдердің аулау қызметтерінің халықаралық тәжірибесі қараусыз қалған жануарлармен байланысты проблеманы сәтті және тиімді шешудің бірнеше жолы бар екендігін көрсетеді.
Бұлар — жануарды сәйкестендіру, адамзат қоғамы үшін қауіптілігін анықтау, оны иесіне немесе алмастыратын адамға беру.
Орталық басшысы иттердің қауіптілігі, агрессивті мінез-құлқының қаншалықты екендігін анықтау үшін зерттеу жұмыстарының, тестілеудің жүргізілгенін жеткізді.

— Қараусыз қалған бұралқы иттер адам мен басқа да жануарлар өміріне үлкен әлеуметтік зиян келтіреді, тіпті тікелей қауіп төндіреді. Ортақ зооантропонозды аурулардың артуына ықпал етеді. Алайда бұралқы ит өздігінен пайда болмайды. Бұл мәселені реттеу үшін ең алдымен тұрғындардың иттерін тіркеуге алып, аурудың алдын алу шаралары жүргізілуі керек. Екіншіден, бұралқы иттерге мониторинг жүргізіп, олардың санын азайту мақсатында шара қолдану қажет. Барлық жеке тұрғындардың иттері мен бұралқы иттер бірдейлендіру базасына енген жағдайда ғана оларды қадағалау және ветеринарлық алдын алу жұмыстарын жүргізу жеңілдейді. Содан кейін иттерді стерилизациядан өткізудің жоспарын көбейту керек. Өйткені біздің жасап жатқан жұмыстарымыз теңіздегі тамшыдай ғана. Мысалы, ветеринария басқармасысының болжамды санағы бойынша қалада 5 мың бұралқы ит бар делік, соның тек 1 200 басына ғана стерилизация жасалса, қалған 3 800 басы емін-еркін көбейе бермей ме? Бір ит 10 күшік туса, әп-сәтте 35 мыңға барып қалады ғой, — деп түйді ойын Б.Сидихов.
Ит қапқан тұрғындардың саны көбейіп отыр
БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Нұрлыбек Мұстаевтың мәлімдеуінше, биылғы он айда 2 146 адам тістелінсе, соның ішінде 1 694-і иттен, 383-і мысықтан, 69-ы басқа жануардан жапа шеккен. Бұл өткен жылғы осы кездегіден (1 947) 199-ға артық. Биыл ит-мысықтың арасында құтыру ауруы тіркелген жоқ.

БҚО ветеринария басқармасы талдау, болжау, ветеринариялық есеп және лицензиялау бөлімінің басшысы Берік Иралиев Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заңға сәйкес қаңғыбас жануарлардың саны стерилизация арқылы реттелетінін еске салды.
Осы заңның 15-бабы 1-тармағы 4-тармақшасында көрсетілгендей, адамның өміріне немесе денсаулығына, жануарларға, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке қауіп төндірген кезде жансыздандыруға жол беріледі.
Оның мәліметіне қарағанда, 2024 жылға қаңғыбас иттерді аулау және биостерилизациялау жұмыстарына облыстық бюджеттен 68,2 млн теңге қаражат бөлінген. Жыл басынан бері облыс бойынша 5 745 қаңғыбас жануар ауланып, оның 3 228-і биостерилизациядан өткізіліп, кері жіберілсе, қалған 2 517-сі тұрғындардың өтініштері негізінде жансыздандырылды.
— Қазіргі таңда ит-мысықты тіркеуге арналған бірыңғай дерекқорда облыс бойынша 24 176 чиптелген ит пен мысық тіркелген, оның ішінде иесі бары — 6 390. Күні бүгін өңірде ветстансаларда 12 орында 180 ит пен мысықты уақытша ұстай алады. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіне тиесілі орталықтың сыйымдылығы — 75 ит пен мысық. Оған қоса жануарларды қорғау ұйымдарына тиесілі 6 панажай бар. Тұрғындарға айтарымыз, ит пен мысық сіздің немесе туыстарыңыздың өміріне, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке қатер төндірсе, мәселені толық баяндап, фотоны жүктей отырып, IKomek қызметіне 109 қысқа нөміріне қоңырау шалу арқылы хабарласа аласыз, — деді Б.Иралиев.
БҚО ветеринария басқармасының мәліметі бойынша Орал қаласына қарасты Круглоозерный кентінде 720 бас итке арналған мемлекеттік панажай ашу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасауға қаражат бөлінген. Дегенмен оның қашан салынатыны әзірге белгісіз. Бәрі де бюджеттен қаржы қарастыруға байланысты.

Заңнамаға өзгеріс енгізу қажет пе?
Бәйтерек ауданы Асан ауылының тұрғыны Нағым Ғалиуллин заңнаманы өзгертуді қажет деп есептейді.
— Қаңғыбас иттер өткен жылы да, биыл да қорамдағы қаз-тауықтарды қырып кетті. Осы иттерден құтылудың өзі қиынға айналды. Ауыл әкімдігі, ветеринарлар бір-біріне сілтейді. Заң бойынша итті атуға болмайды, тек аулайды. Біздіңше, бұрынғыша бұралқы, иесіз қалған иттерді ату немесе улап жансыздандыру тәртібін қайта қалпына келтіру керек. Өйткені биостерилизациядан өткізілген иттер мекендеу ортасына қайта оралып, басқасымен қосылып, тұрғындарға залалын тигізе береді. Мысалы, менің өзім соңғы шабуылдан 3 млн теңге шығынға ұшырадым. Оны өндіру үшін сотқа арыз беруге бекініп отырмын, — дейді Н.Ғалиуллин.

Өтемақы төлеу мәселесі бойынша БҚО ветеринария басқармасы былай деп жауап берді:
— Ветеринария туралы заңның 35-бабы 1-тармағының 6-тармақшасына сәйкес бюджет қаражаты есебінен алынатын және жойылатын ауру жануарлардың, жануарлар мен адам денсаулығына аса қауіпті аурулар туындаған кезде қауіп төндіретін жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттың құны иелеріне өтеледі. Төрт түліктің қаңғыбас жануарлардың шабуылынан өлім-жітімге ұшырауы аса қауіпті ауру себебінен өлген болып есептелмейді. Осыған байланысты қаңғыбас иттер талап өлтірген ұсақ мүйізді қара малдың шығынына бюджет қаражаты есебінен өтемақы төлеу қарастырылмаған, — дейді БҚО ветеринария басқармасының бөлім басшысы Берік Иралиев.
Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлының айтуынша, қазір Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілгелі жатыр. Авторлары — Нартай Аралбайұлы, Еділ Жаңбыршин, Самат Мұсабаев.
— Қазіргі кезде жұмыс тобы өз қызметін бастады, — деді Мәжіліс депутаты.
