БҚО-да қар басу қаупі бар 178 жол учаскесі тіркелген
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында қар басу қаупі бар жалпы ұзындығы 400 км 178 жол учаскесі болса, соның 65-і (125 км) – республикалық, 113-і (275 км) облыстық жолдардың үлесіне тиеді.
БҚО ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Нұралы Мусиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, сондай-ақ 40 жылыту пункті (республикалық жолдарда – 6, облыстық – 12, аудандық – 22), 10 500 бума метр қар ұстау қалқандары дайындалды.
Оның сөзіне қарағанда, алдағы қысқы кезеңде облыс бойынша 3 925 адам және 1 404 техника жұмысқа тартылатын болса, соның ішінде 950 адам мен 60 техника ТЖД бөлімшелеріне тиесілі.

«Департамент қызметкерлері БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен және БҚО полиция департаментімен бірлесіп, жол қызметтерінің республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарды қысқы күтіп ұстауға дайындығының жай-күйіне тексеру жүргізді. Облыс аумағындағы автомобиль жолдарының ұзындығы 6 176 км болса, соның 1 342-сі – республикалық, 1 692-сі – облыстық, 3 142-сі – аудандық маңызы бар жолдар», дейді Н.Мусиев.
Оның айтуынша, өткен қыста ауа райының нашарлауына байланысты автомобиль жолдары 111 рет жабылып, 11 мәрте шектеу енгізілген. Соған орай ТЖД күштерімен (68 адам, 25 техника) 112 адам эвакуацияланған.
«Айта кету керек, көбінесе жолдардың жабылғаны туралы СМС-хабарламаларды және ауа райының нашарлағанын елемейтін азаматтар қар құрсауында қалады. Сондай-ақ ескертуге қарамастан, ауылдық жерлерде тұрғындар мал іздеуге шығып, адасып кетеді. Өткен қыста 16 рет іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізіліп, бәрі сәтті аяқталды. Бірақ мұндай оқиғалардың соңы қайғылы жағдайға соқтыруы мүмкін екендігін естен шығармау қажет. Қазіргі таңда облыстың барлық аудандарында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуге жұмылдыру үшін мобильді топтар құрылды. Департаменттің барлық бөлімшелерінде техникалардың қысқы кезеңге дайындығына тексерістер жүргізілді. Олар жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз етілген. Департамент бөлімшелерінің өтімділігі жоғары 56 техникасы автомобиль жолдарының неғұрлым күрделі учаскелеріне бекітілді, соның ішінде төртеуі басқа бөлімшелерге көшірілді», деді Н.Мусиев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында көше жолдары қардан қалай тазартылмақшы екендігін жазған болатынбыз.