БҚО-да қараша айы басталғаннан бері 50-ге жуық оқушыдан коронавирус анықталды

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, олардың бәрі де үй ішіндегі бұрын ауырғандармен байланыста болған.
Сонымен қатар арнаулы орта оқу орындарында 4, ЖОО-да 4 студенттен індет табылды.
Н.Мұстаевтың сөзіне қарағанда, 1 қарашадан бері барлығы 364 науқас тіркелсе, соның 186-сы (51 пайызы) ЖРВИ белгілерімен тексерілген. 93-інен (26 пайызы) профилактикалық мақсатта сынама алынған. 77-сі (21 пайызы) бұрын сырқаттанғандармен қарым-қатынаста болған. 8-і (2 пайызы) эпидемиологиялық қадағалау мақсатында қаралған.
Ауырғандардың ішінде 55-і – 14 жасқа дейінгілер, 8-і – 15-17, 18-і – 18-25, 76-сы – 26-40, 94-і – 41-60 жас аралығындағылар, 113-і – алпыстан асқандар. Яғни алпыстан асқандар індетке көбірек ілініп отыр.
«Соңғы аптада мониторингтік топтар 60 рейд жүргізіп, 629 нысанды қамтыды. Соның ішінде 9 нысанның карантин талабын бұзғандығы анықталды. Сондай-ақ «Ashyq« қосымшасы бойынша 31 адамның үйлерінде оқшауланбағаны белгілі болды. Бұлардың 27-сі – «қызыл», төртеуі – «сары» мәртебесі бар адамдар. 10 маусымнан бері карантин талабын бұзғандарға қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 425-бабы 1-бөлігіне сәйкес 164 хаттама толтырылып, 7 млн 146,650 мың теңге айыппұл салынды», деді Н.Мұстаев.
Жыл басынан бері зертханалық расталған 30 102 науқастың 48 пайызы (14 507) Орал қаласында, 15 пайызы (4467) Бәйтерек, 13 пайызы (3742) Бөрлі ауданында тіркелді.
Соңғы аптада (5-11 қараша) алдыңғымен (29 қазан – 4 қараша) салыстырғанда, коронавирус жұқтыру көрсеткіші 26,5 пайызға (282-ден 207-ге) кеміді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 241 мыңға жуық адамның коронавирусқа қарсы вакцина алғанын жазған болатынбыз.