БҚО-да «Қару-2011» жедел алдын алу шарасы барысында екі қылмыс анықталды

Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағанындай, сондай-ақ заңсыз сақталған 17 қару, соның ішінде 2 шолақ мылтық тәркіленді. Айталық, «Ет комбинаты» саяжай қоғамында тұратын 1989 жылғы Ш. деген азаматтан 12-калибрлі, нөмірі жоқ аңшы мылтығынан жасалған шолақ мылтық табылып, тәркіленді. Мамандардың қорытындысына сәйкес мылтықтың атуға жарамды екені анықталды. Осындай шолақ мылтық Орал қаласының тұрғыны 1955 ж.т. азаматша К.-дан да тәркіленді.
«Қару-2011» жедел алдын алу шарасын өткізу барысында атыс қаруын қолдану арқылы жасалған қылмыстарға жол берілген жоқ. Осы мерзімде тұрғылықты жері бойынша 8060 түрлі қару иелері тексеріліп, 224 қару сақтау ережелерін бұзу фактісі анықталды. Шешім қабылдау үшін соттарға 17 материал жолданып, қалған 224 материал бойынша айыппұл салу туралы шешім қабылданды.
Заңсыз сақталған қаруларын ерікті тапсырған адамдар заңға сәйкес жауапкершіліктен босатылды.
2011 жылдың 10 айында қару қолдану арқылы жасалған қылмыстар саны 11-ден 9-ға дейін төмендеп отыр.