БҚО-да кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында 6,9 млрд теңгеге алты жобаны жүзеге асыру көзделуде

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында биыл кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында 6,9 млрд теңгеге алты жобаны жүзеге асыру көзделуде, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
None
None

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, соның нәтижесінде 558 жұмыс орны (мұның 416-сы - тұрақты) ашылмақшы. Атап айтқанда, электр қалқанды жабдық өндірісі («УралЭлектрик» ЖШС), Макаров кірпіш зауыты, асфальтбетон зауыты («Бірлік» ЖШС), құрғақ таңғы ас өндіру цехы («Казкон» кондитер фабрикасы), жылына 6 мың тонна ет өндіретін құс фабрикасы («Жайық Агро ЛТД» ЖШС) және макарон фабрикасын («Желаев нан өнімдері комбинаты» АҚ) салу жоспарланған болатын. Қазіргі таңда соның екеуі (электр қалқанды жабдық өндірісі мен Макаров кірпіш зауыты) іске қосылды.

Бұдан басқа картадан тыс 9,1 млрд теңгеге тағы алты жоба (550 жұмыс орны) жүзеге асырылуда. Олар: терезе-есік өндірісі («СтеклоСервис» ЖШС), сэндвич-панельдер өндірісі («Агран» ЖШС), асфальт зауыты («АдалАрна» ЖШС), аяқкиім фабрикасы («Асар» ЖШС), көлік-логистикалық орталығы («Еуразиан Логистик» ЖШС) және мал өнімін қайта өңдеу цехы («Кублей» ЖШС).

Сонымен қатар 2018-2019 жылдары 3,7 млрд теңгеге 4 жобаны (491 жұмыс орны, 213-і тұрақты) жүзеге асыру ойластырылуда. Бұлар: керамикалық кірпіш өндіру зауыты («134» ЖШС), химиялық өндірістік база («Топан» ЖШС), минеральдық ұнтақ, сұйық натрий әйнегі және көбікәйнек өндіретін зауыт («Foamsil» ЖШС), шағын катерлер өндірісін кеңейту және жаңарту («Гидроприбор» ҒЗИ» АҚ).

Аталмыш басқарма басшысының орынбасары Бақдәулет Ибраимовтың айтуынша, оған қоса «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның қатысуымен агроөнеркәсіп кешені жобаларын қаржыландыру ісі жалғасады. Бұл мақсатқа облыстық бюджет пен «Ауыл шаруашылығын қаржылау қолдау қоры» АҚ-дан 300 млн теңге, сондай-ақ екінші деңгейлі банктер арқылы қосымша қаржыландыру үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы 700 млн теңге бөлінеді.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша сегіз жоба қолға алынса, соның ішінде 4 балабақша, 1 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып, Оралдағы №7 емхана мен №8 орта мектептің асханасы сенімгерлік басқаруға берілмекші.

Айта кетейік, облыста 48 мың кәсіпкерлік нысаны тіркелсе, соның 37800-і нақты қызмет жасайды. Олар биылғы бірінші жартыжылдықта 312 млрд теңге өнім өндірді.

«Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері кәсіпкерлердің 85,6 млрд теңгені құрайтын 713 жобасы мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылды. Биыл осы бағдарлама аясында 1,6 млрд теңге, соның ішінде несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға 1,4 млрд теңге, кепілдік беруге 94 млн теңге, гранттық қаржыландыруға 47 млн теңге қаралды.

Жыл басынан бері өңірлік үйлестіру кеңесінің 17 отырысы өткізіліп, 9 млрд астам теңгені құрайтын 79 жоба мақұлданды.

2017 жылы жас және өз ісін жаңа бастаған 19 кәсіпкер 47 млн теңге көлемінде тегін грантқа қол жеткізсе, соның ішінде 14 жоба ауылдық жерде қолға алынбақшы.

Соңғы жаңалықтар