БҚО-да кәсіподақтар күніне арналған форумда ұйым мәселелері талқыланды (ФОТО)

Онда облыс әкімі Алтай Көлгіновтің атап өткеніндей, кәсіподақтар қызметкер мен жұмыс беруші арасындағы көпір іспеттес. Олар жұмыс берушілер, сондай-ақ мемлекеттік билік органдары арасында жанды байланыс орнатуға септеседі. Бұл ретте Елбасы тапсырмасына сәйкес қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған әлеуметтік диалогтың жаңа тәсілдерін дамытудың маңызы зор. Кәсіподақтардың қатысымен өңірде жыл сайын жаңа жұмыс орындары ашылып келеді. Мысалы, өткен жылы 9510 жұмыс орны пайда болды. Ең бастысы, кәсіподақтар алдымен еңбек адамдарының құқығын қорғайды.
Өңірде 852 бастауыш кәсіподақ ұйымы болса, жұмыс жасайтын кәсіподақ мүшелерінің саны - 54885, соның 37895-і - әйелдер, 18166-сы - 29 жасқа дейінгілер. Биылғы жыл басында кәсіподақ мүшелерінің жалпы саны 58301-ге жетіп, өткен жылғыдан 1914-ке көбейген.
БҚО кәсіподақтар орталығының төрағасы Ербол Салықов жаңа Еңбек кодексінің мән-маңызына тоқталып, қазіргі кезде Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясына мүше болып табылатын ҚР кәсіподақтар федерациясы құрамы екі миллион адамнан тұратынын, 18 салалық кәсіптік одақтар мен 16 аумақтық кәсіподақ бірлестіктері бар екендігін жеткізді. Кәсіподақтар кәсіби және еңбек таластарын шешуге облыстық үшжақты комиссия арқылы белсене араласып келеді. Кәсіподақтар мен жұмыс берушілер арасында өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумдар мен ұжымдық келісімшарттарға қол қойылуда. Күні бүгінге дейін 4338 меморандум мен 1402 ұжымдық келісімшарт жасалып, бекітілді.
Форумда сондай-ақ ҚР кәсіподақтар федерациясы оқыту, зерттеу және дауларды реттеу орталығының директоры Мейрам Қажыкен, өңірдегі бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері сөз алып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Жиын соңында кәсіподақ қозғалысының дамуына сүбелі үлес қосқаны үшін бір топ азаматтарға облыс әкімінің алғысхаттары, ҚР кәсіподақтар федерациясының төсбелгілері мен құрмет грамоталары, басқа да марапаттар табыс етілді.