БҚО-да «Қайырымдылық алаңы» шарасы өткізілуде

Облыстық жол полициясы басқармасынан Нұртай Лезовтың хабарлағанындай, шара мақсаты - жол апаттарының алдын алу және «Қайырымдылық айлығы» кезінде балаларға қолдан келгенше көмек көрсету.
11 қазан күні жол сақшылары облыстық есту және сөйлеу қабілеттері бұзылған балаларға арналған мектеп-интернат-кешенінде болды. Мұнда олар 10 қарағай, 30 үйеңкі шыбықтарын отырғызды. Сондай-ақ ардагер жол сақшылары М.Мәметова ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Бұдан кейін шараны ұйымдастырушылар мектеп ішін аралап көріп, балалар қойған концерттік бағдарламаны тамашалады. Сондай-ақ жол ережесіне байланысты сурет байқауының жеңімпаздарын анықтап, оларға дипломдар мен сыйлықтар тапсырды. Жол сақшылары аталмыш мектеп-интернат кешені ішіндегі балабақша бүлдіршіндеріне тарту-таралғы жасауды да естен шығармады. Оларға жұмсақ ойыншықтар сыйлады.
Аталмыш шара ертең Ю.Гагарин атындағы кинотеатрда балалардың қатысуымен «Ғажайып алаң» ойынымен жалғаспақ.