БҚО-да Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған шаралар тарихи Хан ордасында қорытындыланбақ

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған шаралар Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылында қорытындыланбақ. Бұл туралы мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Вячеслав Иночкин мәлім етті.

Оның айтуынша, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Ұлытау төріндегі толғанысында, «Нұрлы жол - болашаққа баcтар жол» атты Жолдауында, басқа да тағдыршешті сөздерінде ел болашағы оның тарихын біліп, қастерлеуіне байланысты екенін атап көрсетіп келеді. Соның ішінде Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту ерекше орын алады. Бұл ретте Батыс Қазақстан облысында да биылғы қаңтар мен қараша аралығында «Тарих пен тағылым» атты кешенді жобалар жоспарланып, кезек-кезегімен жүзеге асырылуда.

Аталмыш жоба аясында облыстық тарихи-өлкетану музейі филиалдарында, Сырым, Қаратөбе, Жаңақала, Қазталов аудандары мен Орал қаласында тақырыптық көрмелер, лекция, кездесу, мұражай сағаттары, экскурсиялар сынды түрлі шаралар ұйымдастырылуда.

Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы кітаптар көрмесі, ғылыми конференциялар, тарихи-танымдық оқулар өткізіп, блогтар, жаңа кітаптардың слайд-шолуларын, электронды каталогтар, әдістемелік-библиографиялық құралдар шығармақшы.

Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында атаулы күнге орай «Алтын ханшайым», «Шын хакім, сөзің асыл - баға жетпес» кітап көрмелері, «Ерліктің жыры - елдіктің ескерткіші» атты мәнерлеп оқушылар сайысы, «Ұлытау өңірінің археологиялық ескерткіштерінің ерекшеліктері» таным сағаты, «Көне дәуір күмбірі» әдеби-музыкалық кеші мен «Дәуірдің дара тұлғасы» оқырмандар конференциясы тектес шаралар жалғасын табуда. Облыстық көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана да бұдан тыс қалған жоқ.

Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай көне әндер мен күйлерден фестиваль өз мәресіне жетті.

Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры жаңа маусымның ашылуына орай тарихи драманы сахналамақ.

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған негізгі мәдени-көпшілік шараны «Елдіктің терең тамыры» деген атпен Хан ордасында 25-26 тамызда өткізу жоспарлануда. Осы шара аясында «Сонау дәуірден қазіргі заманға дейін» деген тақырыпта халықаралық ғылыми-тарихи конференция өтіп, оған Алматы, Астана, Ресей қалалары, ТМД елдерінен тарихшы-ғалымдар қатыспақшы. Жиында Қазақ хандығының құрылу тарихы мен қалыптасу кезеңдері талқыланбақшы. «Тарихы терең Қазақ елі» атты республикалық ақындар айтысы өз тыңдармандарын табатын болады. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен шашасына шаң жұқпаған жүйріктер қатысып, халқымыздың арғы-бергі тарихын кеңінен қаузамақшы. Мерекелік концерт пен ұлттық спорт түрлерінен сайыстар да өтеді. Қазақ мемлекетінің қаз басуы мен даму кезеңдерін, ата-бабаларымыздың азаттық жолындағы күресін бейнелейтін «Алтын дала шежіресі» тарихи-театрландырылған көрінісі Хан ордасындағы тойдың шырқау шегі болмақ.

Еске сала кетейік, Хан ордасының іргесін 1826 жылдан бастап Жәңгір хан қалаған болатын. Мұнда қазір тарихи-музейлік кешен жұмыс жасайды. Ауылға кіреберісте Жәңгір хан, дәулескер күйші Дәулеткерей, Шоқанмен замандас қазақтың тұңғыш ғалымдарының бірі Мұхамед-Салық Бабажановтың кесенелері орнатылған.

Соңғы жаңалықтар
telegram