БҚО-да кен орнында газ алауы жағылды: бұдан таяудағы ауылға келер қауіп бар ма

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданында Рожков кен орнында газ алауы жағылғаны жөнінде әлеуметтік желіде бейнежазба тарады.

природный газ
Фото: Ақмола облысының әкімдігі

Аталмыш кен орнына таяу орналасқан Петров ауылының тұрғындары түсірген бейнежазбада газдың лаулап жанып жатқаны анық көрінеді.

— Бұл ауылда кім тұрса да, айырма жоқ. Қоршаған ортаға әсер етпеу үшін кен өндіру сапасын жақсарту керек. Қымбат технологиялар әкелсін немесе мұны тоқтатсын. Адамдардың есінен танып, құлап жатқанының қажеті жоқ, — дейді тұрғындардың бірі.

Осы оқиғаға байланысты Рожков кен орнын игеріп жатқан «Урал Ойл энд Газ» ЖШС өз пікір-пайымын білдірді. 

— Қазіргі уақытта У-10 ұңғымасында кәсіпшілік-геофизикалық зерттеулер жүргізіліп жатыр. Газды жағу бекітілген нормативтер мен рұқсат етілген жағу көлемдері шегінде амбарда жүзеге асырылып жатыр, — делінген ресми мәліметте.

Орал қаласынан 80 шақырым қашықтықта орналасқан Петров елді мекені Январцев ауылдық округіне қарайды. Ауыл тұрғындары экологиялық жағдайға байланысты бұдан бұрын да шағымданған болатын. Соған орай оларды Январцев ауылына көшіру жөнінде шешім де қабылданған.

Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоғжановтың сөзіне қарағанда, «Урал Ойл энд Газ» ЖШС-ға шикі газ алауын жағуға Энергетика министрлігінен рұқсат берілген. 

— Күні бүгін Петров ауылында 14 үйде 23 адам тұрып жатыр. Әзірге тұрғындарды Январцев ауылына көшіруге негіздеме болмай тұр. Өйткені Петров елді мекені кен орнына таяу орналасқанымен, санитарлық қорғау аймағына кірмейді. Бұл мәселе алдағы уақытта нақтыланатын болады, — деді М.Тоғжанов.

БҚО бойынша экология департаментінің басшысы Мұрат Ермекқалиев жағдаймен таныс екенін айтып, ақпараттың кейін берілетінін жеткізді. 

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың айтуынша, күні бүгін аудан мамандары оқиға орнына шықты.

— Мамандар сол маңның ауасын өлшейді. Нәтижесін кейін айтатын боламыз, — деді Н.Мұстаев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да кенішке таяу орналасқан елді мекен тұрғындары көшірілетінін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар