БҚО-да Кеңес Одағының Батыры М.Абдоловқа ескерткіш орнатылды

АЛ. 22 қараша. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Ақжайық ауданының Жамбыл ауылында Кеңес Одағының Батыры Михаил Абдоловқа мүсін орнатылды.
None
None

Ескерткіштің ашылу рәсімінде аудан әкімі Абай Иманғалиевтің атап өткеніндей, өткен жылы ақиық ақын Жұбан Молдағалиевтың кіндік қаны тамған Сайқұдық ауылында тәутұғыр, ал аудан орталығында оның ескерткіші бой көтерсе, осыдан бір ай бұрын Алғабас ауылында Кеңес Одағының Батыры Есен Орақбаевқа да мүсін орнатылған болатын. Міне, енді тағы бір баһадүр өз тұғырында ел-жұртын өрлікке үндеп тұр. Тәуелсіздігіміздің айтулы мерейтойы жылы ауданда халықтың рухын көтеріп, елдігімізді шыңдайтын шаралар өрістей түсті.

Отанға апат төндірген Ұлы Отан соғысы кезінде Михаил Абдолов барлаушылар бөлімшесінің командирі болып, жау тылынан «тіл» жеткізу жөнінде ерекше тапсырмаларды қапысыз орындады. 74-ші атқыштар дивизиясының құрамында Дунай өзенінен өтердегі және жаудың қару-жарақ қоймалары мен ұшақтарын жоюдағы батылдығы оның есімін тарихымызға мәңгі қашап жазды. Батыр 2006 жылдың дәл 9 мамырында дүниеден өтті.

Салтанатта батырдың жиені Темірғали Қажығалиев Жеңіс сарбазына шексіз құрмет үшін әлеуметке алғысын жеткізсе, ұрпағы Батырболат Қайдаров кішкентай жүрегінен шыққан тақпағын арнады. Қарт майдангерлер Қасен Қоспаев, Қарабай Тәжідаев жас ұрпақты тарихтан тағылым алуға, Отанымыздың тыныштығына еңбекпен үлес қосуға шақырды.

Соңғы жаңалықтар