БҚО-да киікті заңсыз аулау деректері азаймай отыр
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында киікті заңсыз аулау деректері азаймай отыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
БҚО ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметі табиғатты қорғау бөлімінің бастығы, полиция майоры Еламан Валиевтің айтуынша, жыл басынан бері жедел тергеу топтарының көмегімен жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде 3 заңсыз киік аулау дерегі анықталып, тергеу амалдары жүргізілуде. Соның біреуі Бөкей ордасы, екіншісі Жаңақалада тіркелсе, Қазталов ауданында 150 дана киік мүйізін алып өтпекші болғандардың жолы кесілді. Оған қоса Жаңақала ауданында қабанды заңсыз аулаудың және бір дерегі белгілі болды.
Өткен жылы облыста киікті заңсыз аулау бойынша 22 браконьерлік дерегі тіркеліп, соның 11-і ашылды, қалғандары бойынша тергеу жүргізілуде. 7 іс сотқа дейін жетті.
«Өкінішке қарай, киікті заңсыз аулауға қатысты немесе браконьерлерге жәрдемдесу дерегі полиция мен «Охотзоопром» қызметкерлері арасында да кездесуде. Өткен жылы Бөкей ордасы ауданы Саралжын ауылында учаскелік полиция инспекторының осыған қатысы анықталып, қазір тергеу жүргізілуде. Егер сотта дәлелденсе, заңды түрде жауапқа тартылатын болады. Сол сияқты «Охотзоопром» қызметкеріне қатысты тағы бір дерек бойынша тергеу амалдары жүргізілуде», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Е.Валиев.
Еске сала кетейік, облыс аумағында өткен жылы 70,2 мыңнан астам киік санаққа іліккен болатын, бұл республикадағы барлық киік санының 70 пайызын құрайды. Биыл қыстың жайсыз болуына байланысты киік Бөкей ордасы, Жаңақала аудандарына, яғни құмға қарай көшті.
ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті облыстық инспекциясының басшысы Қайрат Қадешевтің сөзіне қарағанда, аталған мекеме «Охотзоопром» өндірістік филиалы қызметкерлерімен бірлесе отырып, қазір негізінен Хаки, Аралсор, Нарын құмында жүрген киіктерді қадағалауда. Биылғы қыстың қаттылығынан киік қатты әлсіреген. Олардың көктемгі жай-күйі, төлдеуі қалай болады, сол да алаңдатуда.
Тағы бір айта кететін жайт, киік соңғы жылдары көбейгенімен, оларды бақылайтын штат саны бұрынғы күйінде қалып отыр. 