БҚО-да киік батып өлген өзен суы ішуге жарамды ма
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданы аумағында Сарыөзеннен киік өлекселері шығарылған еді.

Осыған орай Kazinform тілшісі БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне сауал жолдады.
Департаменттен түскен мәліметке қарағанда, аталмыш оқиға орын алғаннан кейін жергілікті санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мамандары аса қауіпті аурулар, вирусологиялық және радиологиялық көрсеткіштерге қатысты Сарыөзеннен зерттеуге су сынамасын дереу алған.
— Зертханалық зерттеу нәтижесі бойынша сәйкессіздік аңықталмады. Қазіргі кезде тұрғындар арасында ішек аурулары, аса қауіпті инфекциялардың алдын алу бойынша санитарлық-ағарту жұмыстары жүріп жатыр, — деп хабарлады ведомстводан.

Казталов ауданы әкімдігінен мәлім еткендей, бүгінгі таңда Бостандық (адам саны — 1 369), Қаракөл (142), Көктерек (921), Жұлдыз (587) және Қоныс (313) елді мекендерінің халқы Сарыөзеннен су алып отыр.
— Биылғы 30 мамырда киіктердің суға кеткені жөнінде мәлімет тіркелді. Осыған орай тұрғындар пайдаланып отырған өзеннің ластануына жол бермеу, судың сапасын қалпына келтіру мақсатында арнайы санитарлық нормаларға сай тазарту дезинфекция жұмыстары жүргізілді, — делінген аудан әкімдігінен келген жауапта.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда суға батқан 560-тан астам киік өлексесі жойылғанын жазған болатынбыз.
Кейін өзеннен 300-ден астам киік өлексесі шығарылды.