БҚО-да киікті ұстап, етін халыққа сатуға рұқсат етілді

Батыс Қазақстан облысында екі кәсіпорын киік етін сатумен заңды түрде айналысатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

киік еті
Фото:"ҚазАқпарат" ХАА

БҚО Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжановтың айтуынша, Жаңақала ауданында "Ізденіс" ЖШС, Ақжайықта "Батыс-Нық" ЖШС киік етін халыққа сатумен айналысады.

Нұрлан Рахымжановтың сөзіне қарағанда, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті дайындаған биологиялық негіздемеге сәйкес өңірде киіктің саны 500-550 мың бастан аспауы керек.

Қазіргі таңда олардың саны шамамен 1 млн 800 мың басты құрап отыр.

Киіктердің көбеюі шабындыққа, жайылымдарға, егістіктерге зиян келтірумен қатар, эпидемиялық жағдайға да кері әсерін тигізуі ықтимал. Сондықтан киік санын реттеу үшін бірқатар әзірлік жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осыған орай ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің 19 қыркүйекте киіктерді реттелуге жататын жануарлардың қатарына енгізу жөнінде бұйрығы шыққаны белгілі.

"Күні бүгін "Охотзоопром" мекемесі аңшылармен келісімшарттар жасап жатыр. Киік санын реттеу жұмыстары тек қана кораль (тор) арқылы жүргізілетін болады. Яғни атпайды, торға қамап, ұстайды. Бұл жұмыстар қазан айының алғашқы онкүндігінде басталады деп жоспарланған", – деді ҚазАқпарат тілшісіне Н.Рахымжанов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысында киіктен 1 мыңнан астам шаруашылыққа залал келгенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар