БҚО-да көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға 10,9 млрд теңге жұмсалмақ
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында майлы және мал азықтық дақылдар, сонымен қатар картоп отырғызылатын алқаптарды ұлғайту көзделіп отыр.

БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллиннің мәлім еткеніндей, Мемлекет басшысы алдағы жылдары ауыл шаруашылығы саласына жалпы өнім көлемін 2 есеге арттыру жөнінде нақты міндеттерді жүктеген болатын.
Жасұлан Жолдыбайұлының сөзіне қарағанда, осы тапсырманы орындау мақсатында министрлікпен 2024-2028 жылдары ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемін 2 есеге ұлғайту жөнінде арнайы жол картасы дайындалып, бекітілді.
- Жол картасы бойынша биыл бидай егісінің жоспары – 202 мың га, арпа 60 мың га болса, майлы дақылдар 119 мың га, мал азықтық дақылдар 199 мың га, соның ішінде біржылдық шөптер 18 мың га, картоп 2,1 мың гектар алқапқа отырғызылмақ. Сондай-ақ енгізілетін тыңайтқыштар көлемін 46,9 мың тоннаға дейін арттырып, ауыл шаруашылығы техникалары паркін 6,5 пайызға жаңарту, элиталық тұқымдар үлесін 4,7 пайызға, суармалы жер алқабын 13,7 мың гектарға дейін ұлғайту көзделуде, - дейді Ж.Халиуллин.
Оның айтуынша, биыл көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға 10,9 млрд теңге қаралса, соның ішінде өсімдік шаруашылығын субсидиялау бағдарламалары мен қызметтер көрсетуге жергілікті бюджеттен 2,6 млрд теңге бөлінген. Ал «Кең дала» және «Кең дала – 2» несиелеу бағдарламалары бойынша 8,3 млрд теңге қарастырылған.
- Жалпы алғанда, облыста субсидиялау бағдарламалары бойынша шаруалар алдында берешектер жоқ. Күні бүгін өсімдік шаруашылығына қаралған қаражаттар есебінен агроқұрылымдарға 255 млн теңге субсидия төленсе, «Кең дала» және «Кең дала – 2» бағдарламалары арқылы 5 млрд теңгеге жуық несие берілді. Жаздық егіске қажет тұқым көлемі 29,4 мың тонна болса, ол толықтай дайындалды. Қазіргі уақытта тұқым сатушылармен жасалған келісім-шарттар негізінде кейбір диқандарға тұқым әлі де жеткізілуде, - дейді басқарма басшысы.
Шаруалар дала жұмыстарына қатысатын техникалар дайындығын да уақытында пысықтады. Кейбір аудандарда техникалар егіс даласына шығып жатыр. Облыс бойынша жалпы есепте 30 038 ауыл шаруашылығы техникасы бар. Көктемгі дала жұмыстарына 3 136 трактор, 2 097 дән сепкіш, 646 қопсытқыш және басқа техникалар қатысады.
- Маусымдық жұмыстарды уақтылы атқару үшін диқандарды арзандатылған дизель отынымен қамту өте маңызды. Биыл біздің өңірге Атырау мұнай өңдеу зауытынан 8,4 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Қажет дизель отынының көлемі шаруалардың өздері ұсынған өтінімдері негізінде электронды түрде қалыптастырылды. Жеткізуші оператор «Petro Retail» ЖШС, 1 литрдің бағасы – 254 теңге. Кестеге сәйкес наурыз айына қаралған 1,8 мың тонна дизель отынын оператор толықтай алып, ауыл шаруашылығы құрылымдарына жіберуде. Бүгінде шаруаларға 250 тонна (14 пайыз) дизель отыны берілді, - деді Ж.Халиуллин.
Оның мәлімдеуінше, биыл облыстық бюджет есебінен 192,3 мың га жерде саяқ шегірткелерге қарсы өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Ол үшін қажетті қаражат беріліп, өңдеу жұмыстарын жүргізетін мекемелер анықталды. Атап айтқанда, «ЗапКазФумигация» ЖШС Теректі, Ақжайық және Шыңғырлау аудандарының аумағында 79,7 мың га жерді өңдейді. Ал «Магтоксин» ЖШС үлесіне Бөкей ордасы, Бөрлі, Жаңақала, Жәнібек, Казталов, Қаратөбе, Сырым, Тасқала, Бәйтерек аудандары мен Орал қаласының аумағынан 112,6 мың га жер тиіп отыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 613 мың гектар алқапқа дақылдар егу жоспарланып отырғанын жазған болатынбыз.