БҚО-да көктемгі су тасқынына дайындық барысында бірқатар мәселе шешілмей отыр
ОРАЛ. KAZINFORM – «Қазгидромет» РМК БҚО филиалының алдын ала мәліметіне қарағанда, Батыс Қазақстан облысында қыста қардың көп түсуі және топырақта күзгі ылғалдың мол болуы салдарынан 2025 жылғы көктемгі су тасқыны күрделеніп кетуі мүмкін.
БҚО ТЖ департаменті бастығының орынбасары Марат Мұратовтың мәлім еткеніндей, қазіргі таңда дайындық ісі Жол картасы, инженерлік жұмыстар жоспары, сондай-ақ «Демеу» қорының қаржысы есебінен атқарылып жатыр. Оның сөзіне қарағанда, облыста 98,5 км қорғаныс бөгендері, 9 км су бұру каналдары, 93 км арық, 513 км су өткізгіш тұрбалары салынып, 3 су нысаны қалпына келтірілген. 74 км магистралдық каналдар тазартылса, Көшім өзенінде 1 км аумақта арнаны тереңдету жұмыстары жүргізілген.
«2021-2023 жылдарға арналған Жол картасы аясында 23 іс-шара қарастырылғанымен, соның алтауы бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Соның ішінде Бөрлі ауданы Достық ауылында аудандық бюджеттен бөлінген 156,1 млн теңгеге бөген күрделі жөнделуде (орындалған жұмыс көлемі – 85 пайыз). Сондай-ақ Бәйтерек ауданы Чиров ауылында Малая Быковка өзенінде бұрыннан бар бөген нығайтылуда. Екі жоба бойынша бюджеттік өтінім жолданғанмен, ол қолдау таппаған. Тағы бір іс-шара бойынша жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өткізіліп жатыр. Орал қаласында кардиологиялық орталық маңында Деркөл өзенінің жағасын нығайту үшін тағы бір жоба жасалып жатыр», - деді М.Мұратов.
Департамент бастығы орынбасарының айтуынша, Үкіметтің тапсырмасына сәйкес Жол картасын жүзеге асыру мерзімі 2024 жылдың соңына дейін ұзартылған. Жоспарланған іс-шаралардың орындалмай қалуы мүмкін болғандықтан, бұлар облыстың 2025-2029 жылдарға арналған даму жоспарына енгізілген.
Алты су қоймасын ағымдағы жөндеуден өткізу үшін жергілікті бюджеттен 635,6 млн теңге бөлініп, соның біреуінде жұмыс мәресіне жеткен. Облыс өзендерінде мониторинг жұмыстарын күшейту үшін жаңадан 7 гидробекет, Жайық, Шаған және Деркөлде су тасқыны қаупін ерте анықтау мақсатында 4 автоматтандырылған жүйе қондырғысын орнату көзделіп отыр.
М.Мұратовтың мәлімдеуінше, жасалып жатқан жұмыстарға қарамастан, облыста бірқатар мәселелерді шешуді қажет етеді. Біріншіден, су тасқынына қарсы инженерлік іс-шаралар елді мекендерде шаруашылық тәсілдермен жүргізіліп жатыр. Мысалы, Қаратөбе ауданында Қалдығайты және Үшана өзендерінде әрқайсысына 6 млн теңгеден қаралып, бөген соғылған. Мұндай тәжірибе Казталов (Қараоба, Болашақ, Әжібай ауылдары), Шыңғырлау (Ақтау, Ақшат, Ащысай, Қайыңды, Мырзағара), Ақжайық (Жұбан), Сырым (Қособа, Бұлдырты) және Теректі (Аңқаты) аудандарында қолданылып жатыр.
«Алайда өткен су тасқыны мұндай бөгендердің толыққанды қорғанышты қамтамасыз етпейтінін көрсетті. Осыны ескере отырып, биыл су басқан Қоржын, Жымпиты және Подстепный ауылдарында күрделі бөгендер тұрғызылып жатыр. Бұл елді мекендерде 2022-2023 жылдары бөгендер шаруашылық тәсілмен соғылған еді. Ақсай қаласында Қызылтал шағынауданында 2023 жылы салынған күрделі бөген ауылды су тасқынынан қорғағанын айта кету керек. Сондықтан аталған елді мекендерде жобалық-сметалық құжаттама жасап, бөген салуға қаржы бөлу қажет», - деді М.Мұратов.
Екіншіден, көктемде су басқан 12 елді мекен инженерлік жұмыстар жоспарына енгізілмеген, оларды қорғау бағытында жергілікті атқарушы органдар тарапынан күрделі шаралар алынбаған. Мысалы, Сырым ауданында Жетікөл, Қызылағаш, Жаңақоныс ауылдарындағы үйлерді даладан ағып келген су басса, Теректіде Ұзынкөл мен Ақсуатта жолда су өткізгіш тұрба болмағандықтан, су кірген.
Бәйтерек ауданында 7 елді мекенде бөгендер демеушілер мен жергілікті бюджет есебінен нығайтылған. Әйтсе де Махамбет ауылында шаруашылық мақсаттарға салынған бөген көктемде судың өтуіне кедергі жасаған. Бұл жерде су жіберу үшін шлюз қою көзделгенімен, ол да шешілмей отыр.
«Үшінші мәселе, қорғаныс бөгендерінің құқық белгілеуші құжаттарының жоқтығы. Облыс бойынша бөгендердің басым бөлігі 20 жылдан астам уақыт бұрын тұрғызылған және тиісті құжаттары жоқ. Сондықтан жергілікті атқарушы органдардың теңгеріміне алу үшін құқық белгілеуші құжаттарды реттеу жұмыстарын жүргізу қажет», - деді М.Мұратов.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО өзендеріндегі су қоймалары қысқы кезеңге көшірілгенін жазған болатынбыз.