БҚО-да көлік жүргізу құқығынан айырылған 81 адам мас күйде қайта рөлге отырған
АСТАНА. KAZINFORM — Жыл басынан бері Батыс Қазақстан облысы ПД патрульдік полиция қызметкерлері қызмет атқару барысында көлікті масаң күйде басқарған 1 002 жүргізушіні анықтап, ұстады. Оның ішінде 921 жүргізуші Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Polisia.kz жазды.
Сонымен қатар көлікті басқару құқығынан бұрын айырылғанына қарамастан, қайтадан масаң күйде рөлге отырған 81 жүргізуші анықталды. Олардың әрекеттері Қылмыстық кодекстің 346-бабы бойынша сараланып, қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесі шешіліп жатыр.
— Көлікті басқару құқығынан айырылған адам масаң күйде қайтадан көлік басқарған жағдайда бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Өкінішке қарай, масаң күйдегі жүргізушілердің қатысуымен 26 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 49 адам түрлі дене жарақатын алған, — делінген хабарламада.
Осыған байланысты полиция қызметкерлері жүргізушілерге көлікті алкогольдік немесе өзге де масаң күйде басқаруға жол бермеуді, сондай-ақ масаң күйдегі адамның көлік басқаруына жол бермеуді ескертеді.
Бұған дейін Абай облысында мас күйде көлік айдаған 370 жүргізуші ұсталған болатын.