БҚО-да коронавирус жұқтырған 11 адам жансақтау бөлімінде жатыр

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында коронавирус жұқтырып, ауруханада жатқандар саны көбейіп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Әбдірахманованың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, қазіргі таңда өңірде 333 төсектік алты жұқпалы аурулар ауруханасында 138 адам ем алуда.

Жансақтау бөлімінде жатқандар саны да артып, 11 адамға жетті. Бұлардың бәрі де – 65 жастан асқандар. Індет олардың созылмалы сырқатын асқынтып жіберген. Жетеуі артензиялық гипертензиямен ауырса, төртеуінде қант диабеті бар. Медициналық көмекке кеш жүгінгендіктен, олардың өміріне қауіп төніп тұр.

Облыста үш адам оттегі концентраторына қосылған.

Төрт карантиндік стационарда 41 адам жатыр.

Сондай-ақ пневмонияға шалдыққан 149 адам емделуде.

БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың айтуынша, өңірде эпидемиологиялық ахуал күн санап нашарлап келеді.

Күні бүгінге дейін облыста 7142 адамның коронавирус жұқтырғаны тіркелді.

Қазан айы басталғаннан бері 161 адам дертке шалдықса, бұлардың 73-і (45,3 пайызы) – зейнеткерлер, 28-і (17,4 пайызы) – жұмыссыздар, 29-ы (18 пайызы) – жұмыс істейтіндер, 15-і (9 пайызы) – медицина қызметкерлері, 9-ы (5,6) – мұғалімдер мен тәрбиешілер, екеуі (1,2 пайызы) – балалар.

Тек соңғы тәулікте 49 адамның індет жұқтырғаны анықталса, соның 18-і зейнеткерлер болып отыр.

Н.Мұстаевтың сөзіне қарағанда, 6 қазан мен 6 қараша аралығында шекарадан 18983 адам өтсе, соның 4791-і – жолаушылар. Осының ішінде анықтамасы жоқ 931 адам карантиндік стационарға жатқызылып, 19-ынан індет табылды. Анықтамасы жоқ 104 шетелдік азамат кері қайтарылды.

Сол секілді 26 қазаннан бері шекарадан өткен 5897 жүргізушінің 1541-інде анықтама болған жоқ. 10 жүргізушіден коронавирус анықталды.

Мамандардың айтуынша, індеттің тарамауы үшін тұрғындардың өздері денсаулықтарына жауапкершілікпен қарап, санитарлық талаптарды бұлжытпай сақтағаны абзал.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да бес күнде отбасылық шараларды жасағандарға 13 млн теңге айыппұл салынғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар