БҚО-да коронавирус жұқтырған соңғы бес науқастың төртеуі Ресейден келген

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында коронавирус жұқтырған соңғы бес науқастың төртеуі Ресейден келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабынан алынған мәліметке қарағанда, төртеуі де – Ресейде жұмыс істейтін қазақстандықтар.

Екеуі Түркістан облысының 41 және 45 жастағы азаматтары болса, біреуі – 20 жастағы шымкенттік, тағы біреуі – 45 жастағы оралдық тұрғын.

Саратов облысымен шектесетін «Тасқала» автоөткелінен өткен кезде денсаулықтарына шағымы болмағанмен, алгоритмге сәйкес жедел жәрдем шақырылып, карантиндік стационарға жатқызылған.

Сондай-ақ коронавирус Орал қаласының 34 жастағы тұрғынынан анықталып отыр. Ол бұрын ауырған адаммен қарым-қатынаста болған.

ПТР диагностикалық зерттеу қорытындысымен бесеуінде де COVID-19 диагнозы расталып, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына орналастырылды.

Ауру ошақтарында дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліп, науқастармен байланыста болғандар медициналық бақылауға алынды.

Осылайша БҚО-да сырқаттанғандар саны 249-ға жетіп, соның 96-сы емделіп шықты.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да тағы алты адамның жазылып шыққанын, коронавирустан емделген өзге өңір тұрғындарының елдеріне қайтып жатқанын жазған болатынбыз.





Соңғы жаңалықтар