БҚО-да коронавирус жұқтырғандардың 97 пайызы – вакцина алмағандар

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында вакцинация басталған 1 ақпаннан бері 30 190 адамның індет жұқтырғаны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы міндетін атқарушы Арман Қалибековтің өңір басшысы Ғали Есқалиевтің төрағалық етуімен өткен жедел штаб отырысында мәлім еткеніндей, соның 97 пайызы (29 323-і) – екпе алмағандар.

А.Қалибековтің сөзіне қарағанда, облыста күні бүгінге дейін 224 304 адам КВИ-ге қарсы егілудің толық курсынан өтті. Вакцина алғандар арасында ауырғандар үлесі – 0,4 пайыз. Бұл коронавируспен күресте вакцинациялаудың тиімділігін көрсетеді.

Қазіргі кезде Pfizer вакцинасымен 12-17 жасар жасөспірімдер және жүкті, бала емізетін әйелдерді егуге дайындық жұмыстары жүргізілуде.

А.Қалибековтің айтуынша, өңірде осы кезге дейін тіркелген 39 418 науқастың 91,7 пайызы (36 179-ы) жазылып шықты. Солардың 14 904-і инфекциялық стационарларда емделсе, 21 275-і амбулаторлық ем алды.

«Күні бүгін 851 төсектік 16 стационарда 127 науқас орналастырылған, толымдылығы – 14,9 пайыз. Күн сайын орта есеппен стационарларға 10-15 пациент түседі. Осы аптада облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында тағы 20 төсек саны қысқартылды. Жансақтау бөлімінде 9 науқас жатыр, толымдылығы – 10,2 пайыз. Соның ішінде алтауы инвазивті емес жасанды тыныс алу аппаратына, үшеуі оттегі концентраторына қосылған», деді А.Қалибеков.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда соңғы аптада 6 адамның коронавирустан көз жұмғанын жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар