БҚО-да кран машинисінің қаза табуы: Комиссия құрылып, арнайы тергеп-тексеру жүргізіледі
ОРАЛ. KAZINFORM — БҚО бойынша еңбек инспекциясы департаментіне «Бизнес-План» ЖШС-нен Бәйтерек ауданы Мичурин ауылындағы «Еуразия» тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында (Придорожная көшесі 87/1) адам өліміне әкеп соққан жазатайым оқиғаның болғаны жөнінде хабарлама түскен.
Департамент басшысы Асылұлан Досжановтың мәлім еткеніндей, жұмыс берушінің хабарламасына сәйкес, 7 қарашада шамамен сағат 10.30-да мұнаралы кран құлаған. Оқиға салдарынан 1964 жылы туған кран машинисі қаза тапқан.
Арнайы тергеп-тексеруді ұйымдастыру үшін департамент комиссия құру жұмыстарын жүргізуде. Оның құрамына Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің, өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасының мамандарын енгізу көзделуде.
— Арнайы тергеп-тексеру барысында жазатайым оқиғаның мән-жайлары мен себептері анықталып, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының сақталуына баға беріледі. Тергеп-тексеру аяқталғанға дейін кранның құлау себептері мен нақты тұлғалардың жауапкершілігі туралы қорытынды жасауға ерте. Қосымша ақпарат тергеп-тексеру нәтижелері бойынша ұсынылады, — деді А.Досжанов.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да құрылыс алаңында кран құлап, ер адамның мерт болғанын жазған едік.