БҚО-да кітапхана есепшілері мемлекетке 46 миллион теңгеге жуық залал келтірген

ОРАЛ. KAZINFORM – БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті Теректі ауданы орталықтандырылған кітапхана жүйесінің қызметкерлеріне қатысты аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеуді аяқтады. 

БҚО-да кітапхана есепшілері мемлекетке 46 миллион теңгеге жуық залал келтірген
Фото: pixabay.com

Департаменттің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, мемлекеттік мекеменің бас есепшісі мен есепшісі 2023 жылдан бастап 2025 жылға дейінгі кезеңде қылмыстық сөз байласу арқылы жалақы төлемдерін ойдан шығарылған адамдарға (өлі жандарға) есептеп жазған. Содан соң қаражатты өздерінің банк карталарына аударып отырған. 

– Теректі ауданы орталықтандырылған кітапхана жүйесі бухгалтерлерінің заңсыз әрекеттерінен мемлекетке 45 млн 989,905 мың теңге көлемінде залал келтірілген. Департамент қызметкерлері қабылдаған шаралардан соң кінәлілер анықталып, мемлекетке келтірілген залал толық көлемде өтелді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталып, іс сотқа жолданды. ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесінде өзге ақпарат жариялауға жатпайды, - деп хабарлады ведомстводан. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да банкроттық басқарушы кәсіпорын қаржысын (46,4 млн теңге) заңсыз аударғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар