БҚО-да құны 38 млн теңге тұратын жер мемлекетке қайтарылды
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданында жер пайдаланушылардың Жер кодексінің талаптарын бұзғаны анықталды.

БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, олар ұзақ уақыт бойы ауыл шаруашылығы жерлерін өз мақсатына сәйкес пайдаланбаған.
- Қадағалау актілері бойынша кадастрлық құны 38 млн теңгеден асатын жалпы ауданы 5 мыңнан астам гектар жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылды. Қазіргі уақытта бұл жерлерді заңды экономикалық айналымға тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады ведомстводан.
Жергілікті атқарушы органдар Мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауы аясында қайтарылған жерлерді оны игеруге құлшынған ауыл тұрғындарына беруге бағдар ұстауы тиіс.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 3,5 мың гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылғанын жазған едік.