БҚО-да құрылыс мақсатына 6 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді

ОРАЛ. 7 ақпан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында биыл құрылыс мақсатына республикалық бюджеттен 6 млрд. астам теңге бөлінді.
None
None

Бұл қаржы бірнеше мемлекеттік бағдарламалар бойынша құрылыс жұмыстарын жүргізуге бағытталған. Облыстық құрылыс басқармасының бастығы Қуаныш Мұхаметқалиұлының сөзіне қарағанда, Елбасы биылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауында: «Соңғы 10 жылда тұрғын үй қоры 30 миллион шаршы метрге ұлғайды. Бұл бүгінде бір миллионнан астам азамат жаңа пәтерлерде тұрады дегенді білдіреді. Бұл - біздің тұрғын үй саясатымыздың маңызды нәтижесі», - деген болатын. Биыл 188,1 мың ш.м. тұрғын үй (оның 130 мың шаршы метрі - тұрғындардың өз қаржысына салынатын үй) салынып, пайдалануға берілуі тиіс. Соның ішінде мемлекеттік тұрғын үй құрылысына қатысты жұмыстар жалғасады. Оралда жалға берілетін 75 пәтерлік ( жалға берілетін үй 10,3 мың ш.м. коммерциялық - 35 мың ш.м.), тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі салымшыларына арналған 90 пәтерлік үйдің құрылыстары көктемде басталады.

Өңірде алғаш рет «Нұрлы көш» бағдарламасына қатысушыларға 7,5 мың ш.м. үй салу қолға алынбақ. Шетелден келетін отандастарымызға арналған 100 үй Зеленов ауданының Жаңатаң ауылында биыл бой көтереді. Сондай-ақ салынатын құрылыс нысандарын пайдалануға уақытында тапсыру үшін инженерлік және коммуникациялық желі тарту жұмыстары жалғасады. Биыл бұл мақсатқа республикалық қазынадан 625 млн. теңге бөлінді. Облыс аудандарына тұрғын үй құрылысын дамытуға, желі тартуға, жобалауға 147,5 млн. теңге қаржы бөлу жоспарланған. Оралда 477,5 млн. теңгеге жеке үй құрылысы аумақтарын сумен, газбен, электр қуатымен жабдықтау жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Алдағы жылдары мұндай мақсатқа бөлінетін қаржы көлемі ұлғаяды деп күтілуде. 2011 жылы тұрғын үй құрылысы саласында 2,2 млрд. теңгені игеруіміз қажет.

Орал қаласындағы Самал көшесі бойында балабақша құрылысы жалғасады. Бөкей ордасы, Теректі, Бөрлі аудандарында үш жаңа балабақшаның құрылысы басталады.

Зашаған кентіндегі қосалқы станса құрылысы биыл аяқталады. Қазір жабдықтарды монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Стансаның іске қосылуы қаланың оңтүстік-батыс бөлігін, яғни Зашаған, Кеңдала, Арман, Көктем, Болашақ, Сарытау аудандарын тұрақты және сапалы электр қуатымен қамтуға жол ашады. Бұл аудандарда 33 мыңнан астам адам тұрады және жеке үй құрылысы қарқынды жүруде. Сметалық құны 2151,8 млн. теңге болатын аталмыш инвестициялық жобаның жүзеге асуы 1200 орындық жаңа мектепті, екі балабақшаны, 200 орындық балалар ауруханасын, айналмалы кәріздік коллектордың сорғы стансасын қуатпен қамтуға мүмкіндік береді. Биыл қаладағы кәріздік құрылғыны қайта құру жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталады.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша озық жобалар қатарына енген бизнес нысанның инфрақұрылымын салуға республикалық бюджеттен 606,3 млн. теңге бөлінді. Қазіргі уақытта облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы сондай жобаларды анықтауда, құрылыс басқармасы өз кезегінде қажетті құрылыс жұмыстарын ұйымдастырады. Бүгінде «Әлім» ЖШС, «Бисекеш» шаруа қожалығы, «Батыс Күнбағыс» АҚ, «Свит» ЖШС кәсіпорындарының жобалары бойынша өндірістік база инфрақұрылымын дамыту көзделген.

Соңғы жаңалықтар