БҚО-да күйеу баласының жанын қиған тұрғын 11 жылға сотталды

ОРАЛ. KAZINFORM – БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Г-ға қатысты адам өлтіру дерегі бойыншы үкім шықты.

Сот үкімі
Фото: Pixabay.com

БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Ақсай қаласында аталмыш тұрғын қарындасын ұрып-соққаны үшін күйеу баласымен сөзге келіп, екі рет кеуде және мойын тұсына қасақана пышақ сұғып, өлтірген.

Мемлекеттік айыптаушы сотталушыға 11 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Жәбірленуші тарап ең қатал жазаға кесуді өтінді.

Сотталушы өз кінәсін мойындаған жоқ.

- Алқабилер алқасының кесімімен сотталушы аса ауыр қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сот заң талаптарын негізге ала отырып, ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігіне сәйкес 11 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу белгіленді. Сот үкімі күшіне енді, - деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да төрт адамды өлтірген өзбекстандықтың өмір бойына бас бостандығынан айырылғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар