БҚО-да қысқы жылыту маусымына әзірлік жұмыстарына 4725,2 млн. теңге бөлінді

БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, соның ішінде 724,3 млн. теңге коммуналдық кәсіпорындар жабдықтары мен желілерін күрделі жөндеуге, 1235,5 млн. теңге «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту» және «Ақбұлақ» бағдарламалары аясында төрт жобаны жүзеге асыруға, 2114,5 млн. теңге 18 білім нысанын (мұның 15-і - республикалық, үшеуі - облыстық бюджет есебінен) жөндеуге, 651 млн. теңге сұйық және қатты отын сатып алуға жұмсалмақшы.
Өңірдегі бюджеттік мекемелерге 9,4 мың тонна көмір, 3,1 мың тонна сұйық отын керек болса, сәйкесінше соның 7,4 мың тоннасы (79 пайызы) және 1,8 мың тоннасы (63 пайызы) жеткізілді.
Күні бүгін 650 білім нысанының 629-ы, 428 денсаулық сақтау нысанының 408-і, 378 әлеуметтік нысанның 270-і, орталық жылу көздерінен жылытылатын 1256 үйдің 620-сы дайын.
«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту» және «Ақбұлақ» бағдарламалары аясында, сондай-ақ коммуналдық кәсіпорындардың өз қаржысы есебінен 15,4 шаөырымдық жылу желісінің 13-і (84,3 пайыз), 13,6 км су құбыры мен кәріздік желілер (12,4 км орнына немесе 109,7 пайыз), 2655,79 км орнына 2054,2 км электр желілері (77 пайыз) жөнделді, салынды, қайта құрылды.
Қазіргі кезде өңірдегі барлық коммуналдық кәсіпорындар дайындық жұмыстарын қызу жүргізуде.